418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысындағы ауылдар ауыз су тапшылығын тартып отыр

  • 162
  • UPD: 21:39, 03.07.2020

Қостанай облысының Науырзым ауданындағы ауылдардың басым бөлігі ауыз су тапшылығын тартып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24»

Аудан аумағындағы 10 елді мекеннің  үшеуі ғана орталықтандырылған су жүйесіне қосылған.

Қалғандары бұрыннан құдық суын тұтынып келеді. Олардың барлығы ішуге жарамды деуге тағы келмейді. Мәселенің мән-жайын біліп қайтқан тілші репортажы. 

Өлеңді ауылында қазіргі кезде  жүзге жуық үй түтін түтетіп отыр. Әр аулада құдық болғанымен, олардың суы ащы.  Сондықтан  мұндағы жұрт  тұщы су іздеп, ауыл кезеді.

Талғат Жақыпов, Өлеңді ауылының тұрғыны:

– Ішетін су аз. Бір 5-6 құдық бар ішетін бүкіл ауылда. Мына жерде Сәтбай деген азамат тұрады. Сол жігіт Нивасымен құдықтан тасиды. Көбі сырттан, басқасы ана жақтан тасиды.

Ауыр тірлікке көндіккен ауыл адамдары жаз мезгілі қинала қоймағанымен,қыста су тасудың азабын біраз тартады. Әсіресе, боран соғып, қар басқан күндері қиын дейді.

Ерболат Ысмағұлов, Өлеңді ауылының тұрғыны:

– Қыстыгүні қиын. Жол жағы қиын, суға баратын құдыққа кей кездері жолдар болмай қалады.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша,  бұл ауылға кеңес дәуірі кезінде орталықтандырылған су жүйесін тарту жұмыстары басталып, кейін тоқтап қалған. Сол құбырлар қолды болып кетіпті. Қазір Өлеңді селолық округінің жас әкімі ауылды ауызсумен қамтудың жолдарын қарастырып жатыр.

Жомарт Серкенов, Өлеңді селолық округінің әкімі:

– Халықты жинап, құрылыс орталығының мамандары келіп, халықпен кездесіп, хаттама жасап, халық қол қойды. Енді келер жылы Өлеңдіге де су өтеді деген жоспарымыз бар.

Бірақ аудандық әкімдіктен білгеніміздей, Өлеңдіге ауылына әлі де күте тұруға тура келеді. Алдымен халық көп шоғырланған елді мекендер бірінші кезекте тұр.

Талғат Кәрбозов, Науырзым ауданының әкімі:

– Биыл Раздольный ауылына су тарту құбыры мәселесі шешіледі. Осы жақында мердігер анықталды. Биылғы таңда 10 миллиард қаражат бөлінген. Соны игеріп, қосымша қаражатты сұратып жатырмыз.  Сонымен қатар біз кезегімен Дәмді ауылына су тарту алдағы уақыттың жоспарында бар.

Айта кетелік, Науырзым ауданында елді мекендерге орталықтандырылған су жүйесін тарту соңғы үш-төрт жылда қолға алынды. Алдағы осындай кезеңде тағы 2-3 елді мекенге құбыр тартылса, халықты сапалы  ауызсумен қамту көрсеткіші 90 процентке маңайлап қалады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы