418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылордада елорда күніне орай 160 отбасы қоныс тойын тойлады

  • 140
  • UPD: 16:02, 04.07.2020

Сырдарияның сол жағалауынан бой көтерген тұрғын үйлер негізінен көп балалы отбасыларға берілді. Алтын құрсақты аналарға кілт тапсыру рәсімі санитарлық талаптарды сақтай отырып, салтанатты жағдайда өтті.

Ләззат Жұбаниязова 4 баланың анасы. Ол үй кезегін 10 жылдай күтіпті. Отбасылы болғалы туыстарының үйінде тұрып келген екен. Бүгін пәтер кілтін алған ол талай жылғы арманының орындалғанына сене алмай тұрғанын жасырмады.

Ләззат Жұбаниязова, жаңа пәтер иесі:

- Өзіңнің үйің болғанға не жетсін. Осы үйді көп армандадық, отбасымызбен, бала-шағамызбен. Барлығымыз қуанып жатырмыз, бүгін қатты толқудамыз.

«Алтын алқа» иегері Жауқазын Сүюпова да бүгін 3 бөлмелі пәтерге ие болды. Осыдан 7 жыл бұрын жұбайы қайтыс болып, шиеттей бала-шағасымен жалғыз қалыпты. Үйі жоқтың күйі болмайтыны сөзсіз. Бұл отбасының 11 жыл күткен үй кезегі бүгін келді.

Жауқазын Сүюпова, жаңа пәтер иесі:

- Елордамыздың мейрамына қатысты құрметтеп үй алып жатырмыз. Көпбалалы ретінде. Баспанам жоқ, осынша уақыт күттім. 11 жыл болды. Құдайға шүкір, алдық. Аман-есен індеттен құтылып, бала-шағамыз аман болып, заманымыз тыныш, еліміз тыныш болса, тілейтінім.

Айта кетейік, бірер ай бұрын Қызылорда қаласында көпбалалы аналарға 180 пәтер үлестірілген болатын. Көп ұзамай елорда күні қарсаңында тағы 160 қызылордалық үйлі болды. 

Ерлан Бердібаев, қала әкімінің орынбасары:

- Сонымен қатар жылдың аяғына дейін тағы да 14 осындай үйді беруді жоспарлап отырмыз. Содан бөлек біздің осы кварталдың өзінде тағы да 13 несиелік үй салынып бітіп тұр. Шамалы уақытта абаттандыру, инженерлік коммунакациялық жұмыстарын бітіргеннен кейін ол үйлер де біртіндеп берілетін болады.  

Бүгінде Қызылорда қаласында пәтер кезегінде 24 мыңдай азамат тіркелген. Аймақта 2018 жылдан бері көп балалы отбасылар бөлек санат бойынша үй кезегіне қойылып келеді. Бұл «Алтын кұрсақты» аналардың үйлі болу мүмкіндігін арттыра түскені сөзсіз. Жалпы өткен жылмен салыстырғанда биылғы халық игілігіне берілетін үйлер саны 30 процентке дейін артып отыр дейді мамандар. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев

Хабар 24 телеарнасы