418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Текеліде биіктігі 25 метрлік тутұғыр орнатылды

  • 163
  • UPD: 20:59, 04.07.2020

Алматы облысындағы моноқалалардың бірі – Текелідегі тәуелсіздік алаңына биіктігі 25 метрлік тутұғыр орнатылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елорда күні мен Ата Заңымыздың 25 жылдығына орайластырылған бұл жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асты.

Жоңғар Алатауының баурайындағы теңіз деңгейінен 1200 метр биіктікте орналасқан әсем қала Текеліде енді биіктігі 25 метрлік тутұғырға орнатылған көк туымыз желбіреп тұратын болады. Оның ұзындығы – 6, ені 2,5 метр. Ту көтеру мүмкіндігіне бұл жолы киокушинкай каратэден жасөспірімдер арасындағы Азия және Әлем чемпионы Әсемай Акрамбек ие болды.

Әсемай Акрамбек, киокушинкай каратэден азия және әлем чемпионы:

– Қазақ еліміздің көк байрағын желбіреткен мен үшін үлкен мәртебе. Өте ризамын. Осындай мүмкіндік бергендеріңізге алғыс айтамын. Болашақта басқа елдерде қазақ елінің атын танытуға тырысамын.

Шөкен Уақап, Текелі қаласының тұрғыны:

– Осы алтыншы айдың он екісінде Көктөбеде ту тігу рәсімі өтті. Текелімізде көк туымыз одан ары жоғары көтеріліп, халқымыздың рухы да жоғары көтеріліп, бір мақсат, бір тілекпен әрқандай істеріміздің алға басуын Алла Тағала нәсіп қыла берсін!

Бұл моноқалада «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша барлығы 13 жоба жүзеге асып жатыр. Оған 1 млрд. 837 млн теңдегеден астам қаржы бөлінген.

Бақтияр Өнербаев, Текелі қаласының әкімі:

– Бұл Текелі қаласы тұрғындарының Елорда күніне қосқан өздерінің үлесі. Біз жылда бұл мерекеге ерекше дайындаламыз, ерекше атап өтеміз. Осы мүмкіншілікті пайдалана отырып, мен қала тұрғындарын, жетісулықтарды, Қазақстан халқын мерекеміз Елорда күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Текеліде бүгін балаларға арналған екі спорт алаңы да пайдалануға берілді. Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға барлығы 214 адам тартылуы тиіс. Қазір соның тең жартысынан астамы қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа тартылып, аталған нысандарда еңбек етіп жатыр дейді жергілікті атқарушы билік өкілдері.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы