418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында заңсыз нысан бұзылып, орны абаттандырылып жатыр

  • 248
  • UPD: 22:04, 04.07.2020

Түркістан облысының Сайрам ауданында жол бойына заңсыз салынған кәсіпкерлік нысандар бұзылып, көше бойы абаттандырылып жатыр.

Мәселен, Қарабұлақ ауылындағы облыстық маңызы бар Рүстемов көшесінің екі қапталы кеңейтіліп, түрлі ұлттық нақыштағы сәулеттік ескерткіштер орнатылады. Көшелер кеңейтіліп жатыр.

Қарабұлақ – Сайрам ауданындағы ең үлкен ауыл. Елу мыңнан аса халық тұрады. Дені – өзбек ағайындар. Сондықтан болар, мұнда шағын кәсіпкерлік, әсіресе көше саудасы жақсы дамыған. Тұрғындардың көбі көше бойына шығып, нан, тандыр самса, кәуап пісіріп сатады. Облыстық маңызы бар Рүстемов көшесінің бойында осындай 36 кәсіпкерлік нысан бар. Бірақ олардың 12-сі рұқсат етілмеген жерде орналасқандықтан, аудан әкімінің тапсырмасымен нысандар бұзылып, ішке кіргізілді. Қалғандарының сырт келбеті жөнделіп, заманауи материалдармен қапталған. Қазір көше бойы абаттандырылып, түрлі сәулеттік ескерткіштер орнатылуда.

Бақтияр Шамұратов, Қарабұлақ ауылдық округі әкімінің м.а:

– Негізгі мақсат – бұл жерде халықтың рухани құндылығын көтеру, бұл жерде 12 дана әртүрлі ұлттық кіші архитектуралық нысандар орнатылды. Атап айтатын болсақ, арбамыз – Ұлы Жібек жолы, біздің сол жерде тұрғанымызды білдіреді. Мынау үш найза – қазақтың ұлттық аспаптары жастар тәрбиесіне зор ықпалын тигізеді. Қарабұлақ ауылын абаттандыру, Рүстемов көшесін үлгі етіп көрсетіп, ауылдың басқа көшелерін жалғастырамыз деген ойымыз бар.

Көріктендіру жұмыстары сәуір айында басталған. Оған жергілікті қазынадан 8 млн 370 мың теңге қаралған. Енді ені 7 метр, ұзындығы 1 шақырымнан асатын бұл көшені 11 метрге дейін кеңейту жоспарлануда. Оған аудандық бюджеттен 9 млн теңге бөлінген. Ал аудан бойынша әлеуметтік мәдени бағыттағы 37 нысандарды жөндеуге мемлекет қазынасынан 787 млн теңге қаржы қаралған. Ал облыс көлемінде бірыңғай көгалданыру жұмыстарын жүргізу үшін обыс әкімінің қаулысы қабыланған.

Бақытжан Полатбеков, облыстық энергетика және ткш басқармасы басшысының орынбасары:

– Бұдан бөлек, атмосфералық ауаны жақсарту бағытында 2019-2021 жылдар аралығында облыстың елді мекендерінде көгалдандыруды қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігінің қаулысы қабылданып, 1028,2 га жерге, 469,9 мың дана көшет егу жоспарланса, 2019 жыл бойынша 1181,7 га аумаққа 669 мың дана әртүрлі көшеттер отырғызылды. Ал 2020 жылы 1023 га жерге 471 мың дана көшет отырғызу жоспарлануда.

Ал Түркістан қаласы былтырдан бері 32 секторға бөлініп, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Қаланы көгалдандыру жобасына сәйкес, өткен жылы 180 мың түп көшет егілді. Биыл қала ішіне 250 мың түп әртүрлі көшет отырғызу жоспарлануда.

Авторлары: Жанос Жұмабек, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы