428,02 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорда күні қарсаңында Көкшетауда 80 отбасы баспаналы болды

  • 280
  • UPD: 20:49, 05.07.2020

«Сарыарқа» мөлтек ауданынан бой көтерген жаңа үйден көп балалы және аз қамтылған отбасылар мен жетімдер армандаған пәтерлеріне қол жеткізді. Тұрғын үй «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған.

Пәтер кілтін тапсыру рәсімі, бұл жолы әдеттегіден сәл өзгеше өтті. Карантин кезінде көп адам жиналуға болмайтынын ескерген ұйымдастырушылар, баспана бұйырған отбасылардың барлығын бірдей шақырмаған. Онда да бір үйден бір адам ғана келген. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, қазір аймақта баспана құрылысы қарқынды. Жұмыстар әсіресе облыс орталығында қызу жүріп жатыр.

Ермек Маржықпаев, облыс әкімі:

- Соңғы 5 жылда облыс орталығының тұрғын үй құрылысы саласында үлкен жұмыс жасалып, жоғарғы көрсеткішке қол жеткізілді. Осы жылы Көкшетау қаласында 41 мың шаршы метр немесе 800-ге жуық жалдамалы және несиелік пәтерлер қолданысқа беру жоспарлануда. 

Жаңа үйден жайлы баспанаға қол жеткізгендердің бірі көпбалалы ана Гүлайым Ерғалиеваның отбасы. Карантин режимін қатаң ұстанған олар, үйді көрсетуге тек бір баласын ғана ертіп келген. 8 адамнан тұратын бұл отбасыға үш бөлмелі пәтер бұйырыпты. Әсіресе аналарының қуанышында шек жоқ. 

Гүлайым Ерғалиева, қала тұрғыны:

- Алты қызым бар. Балалардың несібесі деп ойлаймын енді. Бір жұманың ішінде кіріп қаламыз, Алла жазса. Өте қуаныштымыз. Көптен күткен, міне 9 жыл болды күткенімізге. Біз үшін бүгін өте қуанышты сәт. 

Жалпы жыл басынан бері аймақта 750 отбасы баспаналы болған. Ал биыл 5 мың адамды пәтермен қамтамасыз ету көзделген. Сондықтан алдағы уақытта тағы көптеген үй ел игілігіне берілмек. 

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы