428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорда үйлерінің қабырғасына танымал тұлғалардың суреті не мақсатта салынып жатыр?

  • 281
  • UPD: 10:13, 06.07.2020

Стрит-арт, мурал немесе граффити. Елорданың көп қабатты үйлерінің қабырғасындағы әдемі суреттерді байқаған шығарсыз?

Бір жағынан қалаға көрік берсе, екінші жағынан танымдық мақсатта салынған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мысалы, Сәкен Сейфуллиннің бейнесі мен Бауыржан Момышұлының келбеті көптің көз алдында.

Ақсәуле Байменшина, тілші:

– Бұл үйдің қабырғасындағы батыр бейнесі алыстан көзге түсіп, «мен мұндалап» тұр. Тілі былдырлап енді шыққан бала анасынан: «Бұл кім?» деп сұрауы мүмкін. Бұл қазақтың – Бауыржаны. Ал суреттегі суретті ұстап тұрған ол – қазақтың барлық анасы.

Ділнәз батыр бейнеленген үйде тұрады. Айтуынша, басында бірнеше тұрғын қарсы болыпты. Мұндай жерге сурет салмас бұрын қала әкімдігі тұрғындардан рұқсат сұрайды. Кейін дайын суретті көргенде көңіліміз орнына түсті дейді. Суретшілер бас-аяғы 5 күннің ішінде салып бітірген. Ескі үйдің қабырғасы бір сәтте түрленіп шыға келіпті. Оқушы қыз суреттегі тұлғаның кім екенін біледі.

Ділнәз Жақсыгелдіқызы, оқушы:

– Бұл суретті жақында салды. Бізге ұнайды. Бауыржан Момышұлының кім екенін білемін. Мектепте мұғалім ол кісі туралы көп айтты. Батыр адам болған екен. Суретіне күнде қарап жүрміз. Бір жағынан үйіміз әдемі болып тұр.

Әлемді індет жайлап, бізде де карантин жарияланған кезде, мына үйдің қабырғасына дәрігердің суреті салынды. Әрине кездейсоқтық емес. Бұл ақ халаттылардың еңбегіне деген құрметтің белгісі. Жоба авторы Кристина Бекмурзаева бастаған суретшілер небәрі 20 сағаттың ішінде салып болған. Бетперде тағып, ақ халат киген мейірімді дәрігердің бейнесі көзге сондай жылы көрінеді. Жобаны іске асыру үшін қала әкімдігі техникалық жағынан көмек берген.

Азат Әбікен, жоба продюсері:

– Қазір дәрігерлерге барынша қолдау көрсету керек. Олар барын салып, еңбек етіп жатыр. Дәрігерлерге деген құрметім зор. Халықтың ыстық ықыласын осылай жеткіздік. Олар алғы шепте жұмыс істеп жүр. Сондай-ақ полиция қызметкерлері де күнді-түні қызметте жүр.

Ал мына сұлу қыздың суретін ресейлік және отандық суретші бірлесіп салған. Жасыл түсті бекер таңдамаған. Картина «Адам, табиғат, қала» деп аталады. Яғни экологиялық проблеманы арқау етіп, суретті осылайша «сөйлеткен».

Жалпы бастамашыл топ бұл жұмысты жалғастыруды ойлайды. Ескі үйлердің қабырғасын безендіруден бөлек, танымал тұлғалардың бейнесін танытуды мақсат еткен. Күмбезі көкпен таласқан мешіт, қанатын қомдаған қыран құс, сұлу қыз бен батыр жігіттің суреті бас қаланың ажарын ашып-ақ тұр. Еуропа елдерінде әлдеқашан дамыған стрит-арт өнері осылайша бізге де жетті. Жыл сайын суретшілер арасында байқау ұйымдастырылып, үздік туындылар көпшіліктің назарына ұсынылады.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Марат Диқанбаев

Хабар 24 телеарнасы