423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада жылдағы дәстүр бойынша 6 млн түп гүл егілді

  • 376
  • UPD: 12:01, 06.07.2020

Сұлулық пен ізгілік символы қала көркіне әр беріп тұр. Жанға сая жасыл алқап та алыстан көз тартады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сәуле Құлмағанбетова 15 жыл бойы елорданың құлпыруына үлес қосып келеді. Көздің жауын алатын гүлдердің түр-түрін білемін дейді. Негізгі мамандығы ветеринар болса да, терезесінің алдына, ауласына, міне, бас қаланың төріне де гүл егіп, ажар кіргізіп жүр.

Сәуле Құлмағанбетова, гүл егуші:

– Осы жұмыстан мен ләззат алып, өзіме ұнайды. Қаланы әдемілеп, көгалдандырып жатырмыз. Үйде де өсіреміз, далада да өсіреміз. Осы гүлдерді салып, ләззат аламын. Осылай күтеміз. Осы еңбегімізді қадірлесе екен адамдар.

Жұмысын жақсы көріп, ыждаһаттылықпен кіріскені нәтиже бергені ғой. Қалада жыл сайын 50 түрлі 6 млн гүл егіледі. Бір ғана Есіл ауданындағы 100 шаршы метр аумақ нәзік жаратылыспен көмкерілген.

Рүстем Тоққожаев, «Астана көгалдандыру құрылысы» ЖШС инженері:

– Бұрын біз шет мемлекеттерден алып келетінбіз. Қазір отандық өнім. Өзіміздің жылыжайларымыз бар. Сол жылыжайларға жақсы тұқымдарын алып, 70 күндей сол жерде болады. Одан шығарылып, қалаға беріледі. Қалаға берілгеннен соң, қазақы оюлар дизайнерлердің ойы бойынша салынады. Қызыл жерге қызылын, ақ жерге ағын егіп, әдемі көрінетіндей қыламыз.

Елорданы көгалдандыруға 700-ге жуық техника, 300-дей адам жұмылдырылды. Биылғы жоспар бойынша 30 мыңға жуық ағаш отырғызылуы тиіс. Қазір оның жартысы орнын тапты.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

– Адам мен табиғаттың ортақ туындысы. Мына жайқалып тұрған жасыл желекті осылай атауға әбден болады. Жанға сая мекен елордамыздың көркіне көрік қосып тұр. Болашақ ұрпақ үшін бұл да асыл мұра екені даусыз.

Сарыарқаның сары аязын сағынатын кез алыс емес. Жасыл желектің көбеюі климатқа қатты әсер еткен. 

Елдос Абақанов, Қазақстан экологиялық ұйымдар қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары:

– Жасыл желектердің дамуы климатқа тікелей әсерін тигізді. Себебі жылдан жылға қақаған қыстың әсері төмендеп барады. Біз өзіміз арнайы статистика жүргізгенбіз. Сол зерттеудің нәтижесінде көргеніміз, қала ішінде желсіз күндер саны көбейіп бара жатыр.

Елорданың көркеюіне жекелеген ұйымдар да үлес қосып жатыр. Мысалы мынау «Хабар» агенттігі түзеген аллея. Дәл осындай саябақтар, жасыл алқап туристер мен қала тұрғындарына шабыт сыйлайды. Жасыл алқап демекші, 17 мың гектар аумақта жылына 500 мың ағаш отырғызылады екен.

Мерей Мұратханқызы, Наурыз Базаров, Аят Елшін, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы