424,64 503.77 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысында 14 мың адам жұмыспен қамтылды

  • 534
  • UPD: 17:49, 06.07.2020

Жамбыл облысы Талас ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 67 жоба жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, әлеуметтік нысандарды жөндеп, қайта жаңғыртуға ерекше басымдық беріліп отыр. Бұл бағытта 3,6 миллиард теңге қаражат бөлініп, қазір жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жөнделіп жатқан нысанның бірі – Көктал ауылындағы мына 240 орындық мектеп. Білім ордасы жарты ғасырдан астам уақыт бойы жөндеу көрмеген. Ұстаздардың айтуынша, қыс айларында есік-терезесі жылу ұстамайды. Оқушылар жылдар бойы суық ғимаратта оқуға мәжбүр болған.

Ақмарал Ерәлі, мектеп директоры:

– Бұрынғы жағдайы есік-терезенің бәрі әбден ескірген. Енді ойланыңыздар, 60-70 жылдардан бері соғылған мектеп. Суық терезеден қатты кіреді. Осы бірінші қыркүйекте аман-есен толық күрделі жөндеуден өткен мектепке оқушыларымызбен, мұғалімдерімізбен аман-есен кірсек деп отырмыз.

Қазір жаңғырту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бағдарлама шартына сәйкес жергілікті 9 тұрғын құрылыс жұмыстарына тартылған.

Рақым Қордабай, Көктал ауылының тұрғыны:

– Оқу біткеннен кейін ауылға келдім. Сосын осы жерде жұмыс басталғанын естідім. Содан кейін бірге өзім келдім достарыммен. Ауылдың балалары осы жерде істеп жатыр. Сол арқылы келіп, жұмыс істеп, бастықтармен келісіп, айлық жалақысы өзіме ұнағаннан кейін кеп жұмыс істеп жатырмын. Жұмыс уақытысы тоғыздан алтыға дейін.

Талас ауданында бұдан бөлек, көп балалы аналарға арналған 80 пәтерлі жатақхана, жол, елді мекендерді газдандыру сияқты жұмыстар қолға алынған. Айта кету керек, бастапқыда бағдарлама бойынша 127 нысанды жөндеп, кейбіреуін жаңадан салу жоспарланған. Алайда бірқатар жоба біріктіріліп, 74 миллион теңгедей қаражат үнемделді. Қазір 691 миллион теңге игеріліп, басталған жұмыстардың 47 проценті бітті. Нәтижесінде 500-ге тарта адам жұмыспен қамтылды.

Бақыт Қазанбасов, Талас ауданының әкімі:

– Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша аудан көлемінде 1260 адам жұмысқа тартылуы керек болатын. Әр сала бойынша жұмыстың объемына қарай бөлініп беріліп отыр. Бұл енді жұмыссыз адамдарға тіркеуде тұрған азаматтарға көп көмек болып жатыр. Бұл бағытта бүгінгі таңда 78 процент аудан тұрғындарын жұмыспен қамтыдық деп айтуға толық негіз бар.

Жалпы Жамбыл облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында әлеуметтік нысандарды жөндеу, инженерлік-көлік инфрақұрылымы және елді мекендерді абаттандыруға бағытталған 831 жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде 20 мың жаңа жұмыс орындары ашылады. Қазірдің өзінде басталған жұмыстардың арқасында 14 мың адам еңбекпен қамтылып отыр. Оның тең жартысы жұмыспен қамту орталықтары арқылы тартылған.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы