431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда стационарлық орындардың саны көбейеді

  • 267
  • UPD: 20:57, 06.07.2020

Алматы қаласында  қатаң карантиндік шектеулерге байланысты 680 мыңға жуық жұмыс орнының қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дені шағын және орта бизнес нысаны. Ал қалада бүгін тағы 113 адам COVID-19 жұқтырған. 64 кісі жансақтау бөлімінде жатыр. «Ахуал күрделі», – деді Алматы әкімі.

Алматыда бүгінге дейін 6200-ден аса адам індетке шалдыққан. Күнделікті өсім 1,1 процент. Ауру жұқтырғандардың дені жұмысқа қабілетті азаматтар. Кеселден 2490-ға жуық адам жазылып шықса, 26 кісі көз жұмды. Эпидемилогиялық жағдай күрделене түскен соң стационарлардағы орындардың саны көбейтілмек. Апта соңына дейін тағы 500 орын пайда болады.

Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:

– Бүгінде қалада 4232 төсек-орны бар 19 стационар жұмыс істейді. Эпидемия басталған уақытпен салыстырғанда бұл көрсеткіш 9 есе өсті. Ертең 150 адамға арналған тағы бір стационар ашылады. Апта соңына дейін урология ғылыми орталығы базасында тағы 150 адамға арналған стационар ашу жоспарда бар. Сондай-ақ, «Халық арена» базасында стационар ашылады. Оның алғашқы 200 төсек-орны осы аптаның соңында пайдалануға беріледі.

Президенттің тапсырмасы бойынша 1 қыркүйекке дейін Алматыда инфекциялық және провизорлық стационарлардағы орындар саны 6 мыңға дейін көбейеді. Шаһарда коронавирусты анықтайтын полимеразды тізбекті реакция тестілеуінің тағы екі жекеменшік зертханасы ашылады. Оның бірі ертең іске қосылады. 

Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:

– Осыдан 10 күн бұрын жеке зертханаларда реагенттер бітіп қалуына байланысты қиындық туындады. Оның себебі түсінікті, тест тапсырғысы келетін адамдардың саны артты. Сонымен қатар, Ұлттық сараптама орталығы филиалының зертханасында 30-ға жуық қызметкерден коронавирус анықталды. Сондықтан жұмысты тоқтата тұруға мәжбүр болдық. Қазір барлық зертхана толығымен жұмыс істеп тұр. Ертең Алматы қалалық жедел көмек көрсету ауруханасының жанынан жеке зертхана ашылады. Сондай-ақ, жақын арада жекеменшік клиникалардың бірінде тағы бір зертхана ашу жоспарда бар.

Бүгінде медициналық мекемелердегі жүктеме деңгейі 85 процентке жеткен. Бақытжан Сағынтаев стационарлық орындармен қатар өкпені жасанды желдету аппаратының санын көбейтеміз деді. Қазір 25-сі қолданыста. Қорда 30-ы бар. Тақауда тағы 70 аппарат әкелінбек.

Авторы: Қорған Төреқожа

Хабар 24 телеарнасы