418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы туып-өскен ауылда саябақ ашылды

  • 149
  • UPD: 20:52, 06.07.2020

Бүгінгі мерекеге орай Елбасы туып-өскен ауылда балаларға арналған саябақ ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

20 мыңнан аса тұрғыны бар Шамалғанда жасөспірімдер ғана емес, олардың ата-аналары да қуанышты.

«Ана нұры» балалар саябағын салтанатты жағдайда ашқан Қарасай ауданының басшылығы барша халықты бүгінгі мерекемен құттықтады. Шамалған өзенінің жағалауындағы  жасыл саябақта балалар асыр салып ойнауға қажеттінің бәрі бар, әткеншектер қойылған. Ата-аналар енді балалармыз қайда жүр деп алаңдамаймыз дейді.

Әсем Құтымбекова, ауыл тұрғыны:

– Ойнайтын жер бар. Әйтпесе былай Қаскелеңге , қалаға апару керек еді. Енді мына үйдің қасында қорықпай жібересің.

Сақамұрат Орынбасаров,  ауыл тұрғыны:

– Өте қуаныштымыз. Осы балалар келешегіміз ғой. Бәрі жақсы болсын.

Саябақ бұдан былайғы уақытта ауыл тұрғындарының тұрақты келіп тұратын демалыс орнына айналары сөссіз. Оның құрылысына облыстық бюджеттен 460 миллион теңге қаражат бөлінген. Нысан қысқа мерзімде салынып, пайдалануға берілді.

Ержас Тоқтасынов, Шамалған ауылының әкімі:

– Бүгін астана күніне орай Елбасымыздың кіндік қаны тамған туған өлкесінде үлкен қуанышты жағдай. Жалпы, алаңы бір жарым гектарды құрайтын Шамалған ауылында «Ана Нұры» атты саябақтың салтанатты ашылуы өтіп жатыр. Бұл саябақ 2019 жылы басталып 1 жыл ішінде осындай саябақ болып орын алды.

Футбол мен баскетбол алаңы бар саябақта болашақта басқа да атракциондар салынады. Сондықтан мұның аумағы әлі кеңейетін болады.

Авторлары: Алмас Садуақас, Айдар Әбдешев

Хабар 24 телеарнасы