429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда дәрі-дәрмек тапшылығы шешімін тауып жатыр

  • 229
  • UPD: 20:59, 06.07.2020

Соңғы уақытта дәріханаларда жоғалып кеткен дәрілер арнайы жүк көлігімен Алматы қаласынан жеткізілді, деп хабарлайды «Хабар 24». Енді баға да үнемі бақылауда болады.

Дәрі таппай сенделіп, сергелдеңге түскен тұрғындардың мәселесі енді шешімін тауып жатыр. Алматыдан Мұнайлы өңірге дәрі-дәрмектің 430 түрі әкелінген. Оның 50-ге жуығы қазір тапшы болып тұрған антибиотиктер, азитромицин, цефазолин, цефтриаксон және инъекцияға арналған лидокаин ерітіндісі сынды препараттар.

Ержан Әбілханов, облыс әкімінің орынбасары:

– Бұл дәрі-дәрмек барлық Атырау қаласындағы, аудандардағы дәріханаларға жеткізіледі. Айта кетерім, ол дәрі дәрмектің бағасы бір қалыпты, бұрынғы бағамен қымбаттатпай сатылады.

Облыс әкімдігі келген дәрі-дәрмектердің барлық дәріханаға жеткізілуін қатаң бақылауда ұстайды. Әкелінген дәрілік өнімдер облыс орталығынан өзге аудан орталықтарына да жеткізілмек. Бұл облыстың сұранысын қамтамасыз етеді деп жоспарланып отыр. Дәрі тапшылығын көріп отырған бірқатар дәріхана мен дертіне дауа таппай сергелдеңге түскен тұрғындар үшін де бұл жағымды жаңалық болды. Бүгіннің өзінде бірнеше дәріхана препараттармен қамтылып үлгерді.

Ләйлә Істебаева, дәріхана провизоры:

– Бір апта бойы дәрі-дәрмексіз отырдық. Тіпті, өзіміздің қордағы препараттар да таусылуға айналған еді. Қазір жағдай қалыпқа түсіп келе жатқан секілді. «Азитромецин», «АЦЦ», еш жерде жоқ «Метрид» сияқты дәрілерге бүгін қол жетіп отыр. Апта аяғына дейін мәселелер шешімін табады деп ойлаймын.

Алдағы уақытта препараттар бағасының көтеріліп кетпеуі басты назарда болады. Сондай-ақ, әр адамға тиесілі мөлшерден артық сатылмауы да қадағаланады.

Авторлары: Асланбек Шығыров, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы