417,99 492,14 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыда Солтүстік – Шығыс айналма жолы пайдалануға берілді

  • 158
  • UPD: 23:13, 06.07.2020

Бүгін Қарағандыда көптен күткен Солтүстік – Шығыс айналма жолының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұзындығы 48 шақырымнан асатын 1-ші санаттағы жол облыстың логистикалық бірқатар түйінін шешуі тиіс. Әрі кенді өлкенің экологиялық ахуалына да оң ықпал етпек.

«Тоғыз жолдың торабы» деген түсінік осы Екатеринбург –Алматы халықаралық тас жолындағы, дәл осы Қарағанды төңірегіндегі жерге қарата айтылған дерсіз. Небары 48 шақырым жолда 7 жол айрық бар. Ол жоба бойынша Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарына жеке-жеке бағыттап отырады.

Жеңіс Қасымбек, облыс әкімі:

– 20-22 мың  көлік тәулік сайын осы жолмен жүріп өтетін болады. Бұрын оның барлығы  Қарағанды қаласының ішімен жүретін. Бір жағынан экология екінші жағынан жол қауіпсіздік мәселесі жақсарады. Қазір  облыс бойынша 10 мыңдай құрылыс жүріп жатыр. Оның ірісі Балқаш, Бұрылбайтал әрі қарай Алматыға барар жол.

Жоба 2017 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында басталған.  3 жыл ішінде 3 мыңға жуық адам еңбекпен қамтылды. Оның 80 проценті Қарағанды облысының тұрғындары.  Өңірде алдағы уақытта да ел үшін маңызды жол құрылыстары жалғасын табады.   

Берік Қамалиев, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары:

– Бұл жұмыстарға смета бойынша 30 млрд теңге бөлінген. Ол Теміртау мен Қарағанды, айналма жолы бойынша толық  жасалып шықты. Барлығы 11 мың шақырым жол 2024 жылға дейін ақылы жолдар қатарына өтеді.

Атап өткен жөн, қауіпсіздік үшін жол 4 жолақты, кең етіп салынған. Тас жол кемі 15 жыл жөндеуді қажет етпейді, дейді мамандар. Сондай-ақ, биыл Қызылорда – Жезқазған және Жезқазған – Қарағанды жолдарын жобалау басталады . Бұдан бөлек, Қарағандыдан Павлодар бағытындағы жол мен Қарқаралы бағытындағы жолды қайта жаңарту жоспарда бар.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы