426,25 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысы қарбызын өткізе алмай отыр

  • 454
  • UPD: 10:10, 07.07.2020

Қызылорда облысының диқандары бау-бақша дақылдарын жинауға кірісті. Биыл қарбыздың шығымы жақсы. Алайда өнімді өткізу, тасымалдау жағы қиынға соғып тұр. Жыл сайын көрші мемлекеттердің алыпсатар саудагерлері Сыр өңірінен тонналаған қауын-қарбызды өздері тиеп алып кететін. Биыл карантинге байланысты сауда-саттық сап тыйылды. Шаруалар болса өнім жарамсыз болып, шығынға батамыз ба деген үрейде отыр. 

«Жайылманың қарбызы» деген бренд кезінде бүкіл одаққа тараған. Жыл сайын тәтті шырыны тіл үйіретін бақша дақылдарын саудалап алуға сонау Ресейдің шалғай өңірлерінен кәсіпкерлер ат арытып келетін. Егістік басындағы ұзын-сонар кезек болатын. Ал биыл соның бірі жоқ.  

Әбдіманап Нышанбаев 30 жылдан бері жомарт жерді идірген диқан. Отбасымен түгел жабылып осы 2 гектар алқаптан тонналар қарбыз алуға дағдыланған. Биыл 2 есе мол өнім жиналатын түрі бар. Бірақ оның сатылуы шаруаны толғандырып отыр.

Әбдіманап Нышанбаев, бағбан:

- Өткізу қиын болып жатыр. 2 гектарға егіп жатырмыз. 35-40 тоннадай аламыз. Кәсіп осы диқаншылық. Қысқы азығымыз осы. 

Жайылмалық шаруашылықтар жылда 500 гектар жерге дән сеуіп, 15 мың тоннадай өнім жинайтын. Ауыл тұрғындарының күнкөрісі қарбыздан түсетін пайдаға тікелей байланысты.

Талғат Зейдәлиев, Жайылма ауылдық округінің әкімі:

- 6 мың тоннаға дейінгі қарбызымыз Ресейдің Челябі, Түмен, Орск қалаларына жөнелтілетін. Биылғы жыл ол азайып тұр. Сондықтан солтүстік облыстардан ірі кәсіпкерлер арқылы бізге көмектер болса дейміз. Орнынан алып кетуге. Диқан қауымның шыққан шығыны өтеліп кішкене еңбектері ақталар еді.

Аудандық және облыс әкімдігі бау-бақша өсірушілерге базарлардан орын беріп, «жасыл дәліз» даярлап қойды. Бірақ мұнымен іс бітпейді, қарбыз өтпейді. Көбі жарамсыз болып қалу қаупі бар. Ерте көктемнен атыз жағалаған ағайын мемлекет тарапынан кешенді қолдау күтеді. 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Хабар 24 телеарнасы