418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тәртіп сақшылары бірнеше өңірде дәрі-дәрмек бағасына қатысты заңбұзушылықты анықтады

  • 147
  • UPD: 21:39, 07.07.2020

Елімізде індет өршігенде дәрі-дәрмек бағасы да негізсіз шарықтап кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған алыпсатарлар кінәлі. Оңай олжаға кенелмек болғандар осындай қиын кезді пайдаланып, препараттардың бағасын бірнеше есеге қымбаттатып жіберген. Тәртіп сақшылары бағаға қатысты заңбұзушылықты бірнеше өңірде анықтады.

Дәрі-дәрмек саудасымен заңсыз айналысқандар Атырауда ұсталды. Мұнайлы шаһардағы косметологиялық клиникалардың бірі коронавирусқа қарсы қолданылатын медициналық препараттарды рұқсатсыз әрі жоғары бағада саудалаған. Халықтың қалтасын қаққан пысықайлардан барлығы 5000-нан астам парацетамол, цефтриакцон, лидокаин секілді дәрілік өнім тәркіленді. Қазір бұл іске қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Қаһарман Жәрдемов, облыстық экономикалық тергеу департаментінің басқарма басшысы:

– ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабы, 1-бөлігі (заңсыз кәсіпкерлік бойынша) қылмыстық іс қозғалды. ҚР Қылмыстық Іс жүргізу Кодексінің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат тергеуге байланысты жариялауға жатпайды.

Шымкентте дәрі-дәрмектің бағасын аспандатып, заңсыз сатудың 10 дерегі анықталды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті мәлімдеп отыр. Жедел іс-шаралар барысында жеке үйдің ауласында 3 қойма бар екені белгілі болды. Тексеру барысында қойма иесі дәрі-дәрмектерді сатуға арналған арнайы лицензиясы бар екендігін дәлелдеп бақты. Алайда бұл лицензия басқа бағыт бойынша берілген дейді мамандар. Аталған қоймаларда дәрі-дәрмектер заңсыз сақталып келген. Фармацевтер бұларды 3 топқа бөліп, әр дәрі-дәрмектің қайда қолданылатыны туралы түсінік берді. Оның ішінде ел аумағында тіркелмеген және сатуға рұқсат берілмеген препараттар да бар. Қылмысы әшкере болғандар респираторлық вирустық ауруларды емдеуге арналған және арнайы есепте тұрған адамдарға тегін берілетін дәрі-дәрмектерді де сатып келген. Заңсыз қоймадағы 229 түрлі дәрі-дәрмек айғақты зат ретінде алынды. 

Ералы Жұмаханбетов, қалалық ПД басшысы:

– Шымкент қаласы ПД мен қала аумағында карантин уақытында қажетті дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігін пайдаланып, жоғары сұранысқа ие болған респираторлық вирустық аруларды емдеуге арналған дәрілерді жоғары бағамен пайда табу үшін жоғары бағамен сатқан дәріхана қызметкерлері мен азаматтарды анықтау мақсатында жедел профилактикалық іс-шара жүргізілуде. Қабылданған шаралар нәтижесінде дәрі-дәрмектердің бағасын заңсыз әрі жоғары сатудың 10-ға жуық жайт анықталды. Барлық анықталған жайт бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық берілетін болады.

Мұндай заңбұзушылықтар Түркістан облысында да анықталды. Полиция қызметкерлері дәріхана қожайындарының қажетті дәрілік препараттарды екі есе қымбат бағаға сатқанын әшкереледі. Сондай-ақ тәртіп сақшылары қала аумағындағы дәріханалардың бірі Цеф ІІІ антибиотигін үлкен көлемде сатып жатқан жерінен ұстады. Пайдакүнем елдегі дәрі тапшылығын біле отырып, осындай әрекетке барған. Ол 336 қорап дәрінің әрқайсысын 1500 теңгеден, барлығын 405 мың теңгеге саудалаған. Ал дәріханаларда оның бір қорабы 1300 теңге тұрады.

Одан бөлек, әлеуметтік желілерді бақылауға алған криминалдық полиция қызметкерлері Сарыағаш қаласы тұрғынының медициналық бетперделерді заңсыз саудаланғанын анықтады. Күдіктінің көлігін тексеру барысында тағы бес мыңға жуық бетперде тәркіленді. Сондай-ақ Арыс қаласындағы дәріханалардың бірінде аскорбин қышқылының 700 теңгеден сатылғандығы белгілі болды. Оның бөлшек саудадағы бағасы – 300 теңге.

Нұрлыбек Әлібекұлы, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары:

– Сатып алынған дәрілік препараттар тәркіленіп, оларға қатысты тиісті тексеру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Кінәлі тұлғаларға қатысты қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, тиісті жауапкершілікке тартылатын болады.

Аталған заңбұзушылықтар арнайы рейд барысында анықталды. Сондықтан полицейлер алдын алу шараларына баса көңіл бөлмек ниетте.

Авторы: Самат Қайырденұлы

Хабар 24 телеарнасы