418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысында эпидемиологиялық ахуал ушықты

  • 244
  • UPD: 09:11, 08.07.2020

Атырауда өткен тәулікте коронавирус жұқтырған 101 адам тіркелді, деп хабарлады өкілетті орындар. Ол әрине, елді елеңдетеді. Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал әлі де көңіл көншітер емес. Тұрғындардан маза қашты. Аурудан көз жұмғандар да бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде өткен аптада инфекция жұқтырған 300-ден астам науқас күн сайын тіркелген еді. Ал соңғы тәулікте 101 адамның ауырғаны белгілі болды. Өткен аптадағы көрсеткіштен 3 есе төмендеген. 30 маусым мен 6 шілде аралығында коронавирустан 7 адам көз жұмды. Ал күні бүгінгі дейін 50-ден астам адам қайтыс болған. Оған қоса, «Ковид-19-ды» анықтау бойынша  тестіден өткен 10 мыңнан астам адамның сараптама нәтижелері әлі күнге дейін кешігіп жатыр.

Нұрлыбек Қабдықапаров, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Лабораторияға тапсырылған анализдердің бүгінгі күнде аздап кешіктірілуі бар. Оны мойындауымыз керек. Себебі ұлттық сараптама зертханасында олардың тест жүйесінің таусылуынан кішкене кідіріп қалды.

Еліміз бойынша жедел-жәрдем қызметі шақыртуларға үлгере алмай жатқаны белгілі. Осыған орай, Денсаулық сақтау министрі 3000 мобильді бригада құрылғанын айтқан еді. Олардың қызмет құны – 5400 теңге. Ал Атырауда мұндай арнайы бригада жоқ. Жедел-жәрдем шақыртқан науқастарға тегін көмегін береді.

Ербол Иманғалиев, облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының директоры:

– Жедел-жәрдемнің көмегі қазіргі көрсетіп жатқан, ол – тегін, кепілдендірілген медициналық қызмет түріне жатады. Сондықтан біздің жедел-жәрдем  барлық шақыртуға ақысыз барады.

Күні кеше Алматы қаласынан қажетті дәрі-дәрмектің  жеткізілгенін айтқан едік. Соған қарамастан, әлі де керекті медициналық препараттар жетіспейді. Бұған коронавирусқа қарсы қабылданатын негізгі медициналық препараттардың жасырын жолмен сатылуы да себеп. Халыққа ең қажетті дәрілердің әдеттегі бағасынан 3 есе қымбат сатылғаны анықталды.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы