418,35 495,02 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысының тұрғындары төселіп жатқан асфальт сапасына күмәнмен қарайды

  • 150
  • UPD: 09:24, 08.07.2020

Маңғыстау облысындағы Баянды ауылында шу шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар елді мекен ішіне жаңадан төселіп жатқан асфальт сапасына күмәнмен қарайды. Олар әлі қатып үлгермеген жол материалын қолмен көтеріп, астының бос екенін көрсетті. Осыған орай Мұнайлы әкімдігі жол сапасын бақылау мекемесінің көмегімен әлгі жолға тексеру жүргізді. Алдағы үш күнде сынамалардың қорытындысы шығады.  Егер мердігердің кінәсі дәлелденсе, ол өз қаражатына кемшілікті жояды. Оған дейін есепшотына ақша аударылмайды.

Баянды тұрғындары асфальт жолдың құрылысы бітпей жатып, әлеуметтік желіде шу шығарды. Алты мыңдай адам тұратын ауыл халқының бұл жолды көптен күткені рас. Олардың айтуларынша, бұл – еліміз тәуелсіздік алғалы бері енді қолға алынған жоба. Ал қазір оның сапасы туралы айту қиын деп отыр.

Ғабит Емешов, Баянды ауылының тұрғыны:

– 2-3 жылдықта ақша бөлінді деп, енді бастап жатқанымызда мына Батыр ауылында суға ақша керек деп аудан әкімі ақша бөлдік. Алты айдан кейін қайырып береміз деген. Жақсы дедік, су керек қой бірінші жерде. Сөйтіп жүргенде биыл мінекей, бастады жолды. Менің көргенім екі асфальт төсегіш. Біреуі Баяндыға кіретін трассадан әкімдікке қарай тартты.

Түсінгеніміз, ауылшілік көлік жолы биыл орташа жөндеуден өтеді. Жоба мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Мұнайлы әкімдігіндегі жауапты мамандар сәуір айында мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялапты. Араға 12 күн салып жергілікті мердігер мекеме жеңімпаз атанған. Жауаптылар жалпы ұзындығы екі шақырым жолды шілденің ортасына дейін салып бітіреміз деп отыр.

Бекес Жұмағалиев, мердігер мекеменің учаске шебері:

– Жолды әлі толық аяқтаған жоқпыз. Әзірге 90 процент жұмысы бітіп тұр. Бізге берілгені 12 мың текше метр асфальт. Соның қазіргі таңда 11 мың текше метрін салып тұрмыз. Жолдың ені бес метр болатын. Шетінде ұстайтын ештеңе болмаған соң үлкен каток 30-30 сантиметрден артығымен жайдық. Оны өзіміз кесіп алып тастап, тығыздығын шығаратын боламыз.10 күннің ары-берісінде жұмысымызды толықтай бітіреміз.

Мердігер мекеменің учаске шебері осы жолды салып біткен соң екі жылға кепілдік береміз деп отыр. Осы аралықта кемшілік табылса серіктестік өз қаражатына жөндеуге міндетті.

Нұрлыбек Жолбаев, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары:

– Бұрын Баянды ауылында ескі жол болған. 35-40 жылдың бер жағында жөндеу жұмыстарын көрмеген. «Ауыл – ел есігі» бағдарламасымен қаражат бөлініп, орташа жөндеуге сметалық құжат жасақтап ұсыныс берген едік. 63 млн тұрады. Соны 42 миллионға ұтып алған мекеме қазір жұмыстарын істеп жатыр. Жалғыз бұл объекті емес, бізде жеті ауылда қазір жол салынып жатыр. Тек қана лабораторияның қорытындысы бойынша қаражат аударылады.

Жол сапасын бақылау мекемесінің мамандары жаңа төселген асфальт бетінен сынамалар алды. Олардың тығыздығы, басқа да техникалық талапқа сәйкес келуі Ақтаудағы зертханада тексеріледі. Аудан әкімдігі мемлекеттік кәсіпорын филиалымен өткен маусым айында екіжақты келісімшартқа отырған. Ендігі кезекте осы мамандар берген қорытындыдан кейін ғана Мұнайлыда жол салушы барлық компания шотына ақша аударылады. Яғни, қандай да бір қателік түзелмей6 ешбір  трасса қабылданбайды.

Елтай Таялиев, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Маңғыстау филиалының директоры:

– Біздің мамандар бұл жолдың енін өлшеп, асфальт салынды. Соның барлығын өлшеп, қазір тексеріп жатыр. Бұл мәселе әлеуметтік желіге таралуына байланысты инфрақұрылымдық даму министрінің жеке бақылауында. Біз өз тарапымыздан атқарылған жұмыстын сапасы дұрыс па, бұрыс па соны айтып береміз. Оған үш күн керек. Дәл осы жердің біздер астыңғы қабатын тексеріп, стандартқа сәйкес екендігі туралы анықтама қағазын берген едік.

Қорыта айтсақ, тегістеу кезінде жолдың жайылып кеткен бөлігі кесіліп алынады. Арнайы құрылған жұмыс тобы жол құрылысы толық аяқталғанға дейін тексеріс жүргізіп тұрады. Мәселенің мән-жайын білмегендіктен шу көтерген ауыл халқына түсіндіру шаралары да жалғаса бермек. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

 

Хабар 24 телеарнасы