431,93 515.14 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде пневмонияға шалдыққандар саны 50% артқан

  • 988
  • UPD: 20:24, 09.07.2020

Биыл пневмонияға шалдыққандар саны былтырмен салыстырғанда 50 процентке артқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен 6 айда 1 мың 172 адам өкпе қабынуынан көз жұмса, былтыр аталған кезеңде 1 мың 780 адам қайтыс болған. Осы және өзге де өзекті мәселелер бүгін өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Жиында Денсаулық сақтау министрі жұқпалы індетке қарсы атқарылып жатқан шаралар жөнінде баяндады.  

Елімізде пневмонияға шалдыққандардың саны коронавирус жұқтырғандардан 2-3 есе көп. Биыл былтырмен салыстырғанда өлім-жітім де көбейген.

Бұл жайтты Денсаулық сақтау министрінің өзі бүгін мойындады. Алексей Цойдың айтуынша, көп ұзамай өкпесі қабынғандарға қатысы бар мәлімет министрліктің сайтында жарияланады.

Алексей Цой, ҚР денсаулық сақтау министрі:

– Басқа мемлекеттерде мынадай жағдай қалыптасқан.  Пневмонияны емдеу тәсілдері қазіргі кезеңде коронавирустың ауыр түрін емдеуге өте ұқсас. Осыған байланысты талаптар әзірленіп жатыр. Сондықтан біз қазір науқастардың барлығына бірдей коронавирус сынамасының нәтижесіне қарамастан көмек көрсету жағын қарастырып жатырмыз. Бұл статистикада да көрініс табады.

ДСМ жасанды аппараттарды қолданбауға үндеді

Сала жетекшілері әлеуметтік желіні шарлап жүрген ақпараттар жөнінде де айтты.

Мәселен, бұл видео соңғы бірнеше күнде түрлі чаттарда тарап, қоғамда қызу талқыланды. Онда 5 литрлік судың құтысы арқылы тыныс алып жатқан ер адамды көруге болады. Вице-министрдің айтуынша, бұл құрылғының құрылымы Бобров аппаратына келетін көрінеді.

Ажар Ғиният, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі:

– Менің ойымша, бұл Бобров аппараты. Ол оттегінің ылғалдануы үшін керек. Бұл оксигенді терапия деп аталады. Ол жағдайы ауыр емес науқастардың тыныс алуы үшін керек. Видеода осы аппарат көрсетілген деп ойлаймын. Яғни, бір қарағанда қолдан жасалған сияқты көрінуі мүмкін. 

Халықты дәрі-дәрмекпен қамту

Бұдан бөлек, жиында халықты дәрі-дәрмекпен қамту жайы да сөз болды. Министр күні кеше дәріхана жетекшілерімен кездескенін және олар үшін басты мәселе логистикалық тасымал екенін айтты. Оны шешу үшін ел аумағына препарат жеткізу анағұрлым жеделдеді, бұрынғы кедергілер алынып тасталды деді ол. Сондай-ақ, жиында тұрғындардың дәрі-дәрмектің кей түріне тегін қол жеткізуге мүмкіндігі бар екені айтылды.   

Ажар Ғиният, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі:

– Қазір әрбір емханада пневмония ауруымен ауырған адамдарға учаскелік дәрігерлер үкіметтің жанынан антибиотиктер және қызуды түсіретін дәрілерді бере алады. Сондықтан рецептімен бұл дәрілерді ақысыз алуға болады. Учаскелік дәрігердің нұсқауы керек, сосын рецептісі керек.

Көпті көкейіндегі тағы бір мәселе – карантин режимінің ұзаруы. Министр бұл сұрақтың жауабы алдағы аптаның соңына қарай белгілі болатынын айтты. Ал бұл шешімді министрлік ғалымдар және шетелдік мамандармен бірлесіп қабылдайды.

 

 

Хабар 24 телеарнасы