418,35 495,02 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылордада емханалар дәрі-дәрмекке уақтылы тапсырыс бермеген 

  • 146
  • UPD: 20:27, 09.07.2020

Бронхит, жедел респираторлық вирустық инфекция жұқтырып, үйден ем алып жатқан қызылордалықтар тиісті тегін дәрілерге қол жеткізе алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі дәріхана түгіл емханаларда дәрі-дәрмек жоқ. Келеңсіз деректерді бірнеше емдеу мекемесін аралап шыққан арнайы мониторингтік топ мүшелері анықтады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аясында есепте тұрған азаматтарға емхана тарапынан антибиотиктер мен дене қызуын түсіретін дәрілер тегін үлестірілуі тиіс. Заң талаптарының орындалуын енді Антикор орталығы қадағалайды. Бақылаушы топ сондай-ақ дәріханаларда қалыптасқан жағдайды да бағамдап көрді. Дәрі-дәрмек бағасының негізсіз шарықтап кетуі жөнінде әлеуметтік желіде жұрт жарыса жазғанымен, нақты түбіртегін көрсетіп шағымданушылар әзірге жоқ. Арнайы мониторингтік топ жеке дәріханалардағы сұранысқа ие 200 дәрілік заттың болуын және бекітілген шекті бағаның сақталуын қатаң қадағалайды. Сонымен қатар емханалар мен ауруханалардың жұмысына ұдайы талдау жасап отырады.

Ләззат Бақтыбаева, арнайы мониторингтік топ жетекшісі:

– Фармациядан берілген мәліметтерге сәйкес, дәрі-дәрмек көлемінің барлығы бар. Тек жергілікті емханалар тарапынан белгісіз себептермен дәрілер таратылмаған болып отыр. Яғни, тапсырыс берілмеген, тапсырыс болмағасын ол дәрі көлемі қазір емхана мен дәріханаларда жоқ болып отыр. Тапшылықтың да барлығының негізгі себебі осы деп айқындауға болады.

Ғалия Байменова, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау департаментінің басшысы:

– Дистрибьютерлік компаниялар негізінен Алматы, Нұрсұлтан және Шымкент қалаларына орналасқан. Олар негізінен өздерінің дәріханалық желілерінің тапсырысын орындайды. Артылғанын ғана майда дәріханаларға сатады. Жергілікті дәріханалардың барлығы жеке бизнес құрылымдары. Кәсіпкерлер өз қаражатына алдын ала төлем арқылы тапсырыс береді. Өңірдегі ірі сауда нысандарына дәрі-дәрмек келіп жатыр. Аудандардағы, шалғайдағы ұсақ дәріханаларды да қажетті препараттармен қамтылады.

 

Хабар 24 телеарнасы