418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда науқастарды емдеуге 200 медицина қызметкері тартылды

  • 172
  • UPD: 14:05, 10.07.2020

Маңғыстауда вирустық инфекция жұқтырған науқастарды емдеумен 200 медицина қызметкері күндіз-түні аянбай еңбек етіп жүр. Десек те, соңғы тәулікте сырқаттанған адамдардың күрт көбеюіне орай ауруханаларда маман тапшылығы байқалуда. Әсіресе реаниматолог, инфекционист, терапевттер мен жалпы тәжірибелік дәрігерлер жетіспейді. Қазір облыс әкімдігі оларды өзге аймақтардан алдыртуды қарастырып жатыр.

Дәрігер тапшылығын жою мақсатында қандай нақты жұмыстар атқарылып жатыр?

Талғат Исламұлы, тілші:

- Күні кеше облыс әкімі журналистер мен әлеуметтік желі қолданушылары үшін онлайн-брифинг өткізіп, Маңғыстаудағы коронавируспен күрес шараларын егжей-тегжейлі баяндап берді. Әкімнің айтуынша, таяу күндері өзге аймақтан жоғары білікті мамандар келуі тиіс. «Сондай-ақ Ресейден бес дәрігерді күтіп отырмыз. Ақтаудан Жаңаөзен қаласына қосымша үш медицина қызметкері жіберілетін болды. Өз отбасынан қашықта жұмыс жасап жүрген дәрігерлер жайлы қонақүйлерге орналастырып, олардың үстемақылары толық көлемде төленіп жатыр» деді Серікбай Трұмов. 

Серікбай Трұмов, Маңғыстау облысының әкімі: 

- Сонымен қатар аймақтағы қала мен аудандарда бірқатар мектептердің ішінде орналасқан егу бөлмелері халыққа медициналық қызмет көрсету жұмыстарына жұмылдырылды. Мектептердің егу кабинеттерінде кәсіби білікті мейірбикелер толыққанды медициналық ем-шараларын жасайтын болады. Коронавируспен күрес шараларына волонтерлар да атсалысып жатыр. Облыс бойынша провизорлық орталықтарда 80-ге жуық ерікті қызмет етуде. Олардың ішінде облыстық волонтерлар корпусының жастары, медколледж студенттері, өңірдің спортшылары, сонымен бірге қалыптасқан жағдайға бей-жай қарай алмаған бірқатар азаматтар бар. 

Талғат Исламұлы, тілші:

- Жергілікті денсаулық сақтау мекемелерінде 1766 төсек-орын дайындалды. Атап айтсақ, провизорлық орталықта 1346 төсек, инфекциялық стационарда 230, ал  карантиндік стационарда 190 орын жасақталды. Олардың сыйымдылығы 76 процентті құрап отыр.

Ресми дерекке сүйенсек, 1672 маңғыстаулық коронавирус жұқтырған. Сырқаттың симтомсыз белгілері 1140 адамнан байқалды. Бұл дерттен 664 тұрғын толығымен айықты. Тағы 1025 адам пнемониямен ауырып жатыр. Қазіргі уақытта барлық аудан-қалада қосымша 600 орынға қосымша произорлық орындар дайындалды. Өткен сейсенбіде облыстық аурухана толығымен көпбейінді провизорлық стационар болып өзгерді. Ол жерде бұған дейін басқа да сырқатпен түскен науқастар медицина орталықтарға бөлініп орналастырылды. 

Өңірде дәрігерлерден басқа дәрі тапшылығы да байқалып тұр. Қателеспесем, 6 шілде күні Ақтауға Алматыдан үш жүк көлігімен қазір сұраныс жоғары медициналық препараттар жетті. Олар арнайы тіркеуден өтіп, облыс бойынша дәріханаларға таратыла бастады. Күні ертең тағы бір жүк көлігімен қосымша дәрілер келуге тиіс. Меценаттар көмегімен Астрахань қаласынан дәрі алдыру жұмыстары қатар жүріп жатыр. Әзірге қолда бар препараттар құнының шектік бағадан аспауын арнайы мониторингтік топтар үнемі рейд жасап тексеріп жүр. Бүгінде үш заңды тұлғаға әкімшілік шара қолданылды.

Хабар 24 телеарнасы