417,99 492,14 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматылықтар саумал ішу үшін түнгі бірден бастап кезекте тұрады

  • 266
  • UPD: 18:45, 10.07.2020

Бүгінде саумалға сұраныс артты. Жаңа сауылған бие сүтін ішу үшін алматылықтар түнгі бірден бастап кезекте тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның өзінде жетпей қалуы мүмкін дейді. Ұлтымызда саумалдың емдік қасиеті бар екені бұрыннан белгілі. Сондықтан мегаполис тұрғындары дәруменге бай сусынды мың дәрінің баламасы деп есептейді. Әсіресе, иммунитетті көтеруде пайдасы зор дейді олар.

Қалада және қала маңында бие ұстайтын шаруа қожалықтарының жанындағы көрініс күндіз-түні осындай. Бұл көпшілік жаңа сауылған бие сүті – саумалдың кезегінде тұр. Қазақ халқының ұлттық сусынын тамсана күтіп тұрғандар арасында өзге ұлт өкілдері де көп. 

БЛИЦ:

– Түнгі бірден бастап келеді. Таңертенгі алтыдан бастап келгендер 11-де әрең ішіп кетеді. 5-6 сағаттап кезегімізді күтіп тұрамыз.

– Саумал да қазір дефицит. Қымыз жоқ. Елдер саумалмен емделіп, иммунитет көтеріп жатыр. Осы жерге келдім. Жаңа Талғар жақта да болдым, кезек ол жақта да.

Жайылымда жүрген жылқы  таңғы жетіден бастап, әрбір екі сағат сайын кешкі жетіге дейін сауылады.  Өткен жылы литры 500-600 теңге болған саумалдың бүгінде бағасы орта есеппен 1000 теңге тұрады.

Алуа Маханбет, тілші:

– Міне, қазір бие сауу процесі басталды. Кезекте тұрған халық та осы сәтті тағатсыздана күтіп отыр. Мына 25 биеден шамамен 20 литрдай өнім шығады екен.

Оның өзі көпшілікке жетпей қалып, кезек дауға айналады.

Әмина Құлжабаева, Қаскелең қаласының тұрғыны:

– Бізде кезек күтіп тұрған кезде, ұрыс та болады мына жерде. Себебі біреулер 2-3 литрден алып кетіп жатыр. Қайда апарасыздар, мұның пайдасы болмайды ыстықтай, осы жерде ішу керек қой десек, ауруханаға апарамыз дейді.

Құрамында А, В, С және Д дәрумені бар саумалдың өкпе, асқазан, ішек жолдарына расында да пайдасы зор дейді қымызды зерттен жүрген ғалым. Бірақ оны ішудің өз реті бар екенін естен шығармау керек.

Айтуған Мұқашев, Қазақ-неміс қымыз ғылыми-зерттеу институтының директоры:

– Саумалға екінің бірінің қолы жете бермейді. Және саумалды белгілі бір қалыпта ұстап тұру өте қиын. Бие сауғаннан кейін 10-15 минуттың ішінде ішілмесе, сүт өзгеріске ұшырайды. Бұл сізге ем емес, 15-20 минуттан кейінгі сүт қышқылы көтерілуіне байланысты бұл сізге ауыр болуы да мүмкін. Қалай дейсіз ғой, өйткені құрамындағы витаминдердің өзгеруіне байланысты сіз ішкеннен кейін, асқазандағы қышқыл көтеріледі де, адамның іші жүруі мүмкін, немесе құсуы мүмкін.

Пандемия кезінде көптеген дәрінің баламасына айналған ұлттық сусынның қадірін халық енді түсіндік дейді. Сондықтан көпшілік табиғи таза өнімдердің қолжетімді болғанын қалайды.  

Авторлары: Алуа Маханбет, Айдар Әбдешов

Хабар 24 телеарнасы