418,35 495,02 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қашанға дейін импорт препараттарға тәуелді боламыз – Мемлекет басшысы

  • 203
  • UPD: 20:38, 10.07.2020

Қазіргі қалыптасқан ахуал оңалмаған жағдайда Министрлер кабинетінің тап осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі қайта қаралады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Алқалы мәжілісте Мемлекет басшысы тағы нені ескертті?

Үкіметтің кеңейтілген отырысында алдымен биылғы алғашқы жарты жылдықтағы әлеуметтік экономикалық дамуымыз қорытындыланды. Бір анығы, жыл басынан бері ұлттық экономика күрделі жағдайда дамып келеді. Ел экономикасы жалпы 1,8 процентке төмендеді. Пандемияға байланысты қызмет көрсету саласы 5,6 процентке құлдырады. Енді етек-жеңді жинамақ керек.

Асқар Мамин ҚР премьер-министрі:

– 2020 жылдың соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар аясында тұрғындардың іскерлік белсенділігін ынталандыруға, жұмыспен қамтуды және табысын қолдауға бағытталған нақты салалық шаралар іске асырылуда. Жаңа редакциясында 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарды әзірлеу жұмысы жүргізілуде, ол еліміздің орташа мерзімді перспективаға арналған жаңа экономикалық бағытының негізгі бағдарларын айқындайды.

Карантин және мұнай бағасының құлдырауы бюджет түсімін азайтты. Биыл ел қазынасына түсетін кіріс көлемі 1,7 трлн теңгеге дейін қысқармақ. Қазір бюджетке қаражат Ұлттық Қордан бағытталып отыр. Енді артық шығынды қысқартпақ керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бюджет тұрақтылығын қамтамасыз ету, ең бірінші тиімсіз шығындарды қысқартудан басталуы керек. 2021 жылға арналған бюджет шығындарын оңтайландыру жұмыстары басталды. Осы мақсатта 1,6 трлн теңгені қысқарту жоспарланып отыр. Қазіргі жағдайда бұл нашар көрсеткіш емес.

Президент айтты. «Осындай күрделі кезеңде мемлекет халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемені орындауы тиіс». Жасырып-жабатыны жоқ. Елдегі жағдай күрделі болып тұр. Ахуал екі аптада реттелуі қажет. Әйтпесе Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеуі туралы мәселе туындамақ.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қалыптасқан ахуал екі аптадан кейін жақсарады деп үміттенемін. Олай болмаған жағдайда, жалпы Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайды.

Пандемия бүйірден қысқанда дәрінің тапшылығын сезіндік. Қашанға дейін импорт препараттарға тәуелді боламыз? Президент те осыны айтты. Тіпті «Намысымыз қайда» деп Үкіметті қайрай сөйледі.

Үкіметтің және әкімдердің қабылданған шараларды түсіндіруде олқылықтар болды. Кәсіби дағды мен ұйымдастыру жұмысы жеткіліксіз болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қиын шақта цифрландыру қызметінің де рөлі мүлде байқалмағанын атап өтті. «Цифрлық комиссиялар қандай жұмыс бітіріп жатыр, мемлекеттің несібесін тегін деп жатыр ма?» деп сын айтты. Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы да нәтиже көрсете алмағанын алға тартты.

Жауаптыларды сынап алған соң Президент бірнеше міндетке тоқталды. Біріншіден, экономикалық өсімді қалпына келтірмек керек. Үкіметте нақты іс-әрекет жоспары болуы тиіс. Бизнеске қолдау қажет. Тікелей шетелдік инвестиция ағынын жоғалтып алмау маңызды. Бұл істе Үкімет «Астана» халықаралық қаржы орталығымен бірге әрекет еткені жөн. Ал «қарапайым заттар экономикасына» бағытталатын қаржы көлемі 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды.

Мұның нәтижесін Үкімет Президентке бір айдың ішінде баяндауы тиіс. Бірыңғай әлеуметтік төлемді алғаш рет төлеген адамдарды табысты жұмыспен қамтымақ қажет. Электронды еңбек биржасы бірыңғай портал болуы тиіс. Ал үшіншіден, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету міндет деді Президент. Инфляция деңгейі 8, 8 жарым процент деңгейінде болуы шарт. Ақша-несие саясатын дұрыс жүргізбек керек. Төртіншіден, тиімді бюджет саясаты қажет. Қаржының қайда жұмсалып жатқанын қатаң бақылау өзекті.

Отандық бизнесті қолдау керек. Мұны Президент бесінші міндет деп атады. Әсіресе өзіміздің тауар өндірушілерді демеу маңызды. Осы орайда Президент бұл істі өңір әкімдерінің орынбасарларына жүктеу керек деді. Жыл соңында Үкімет пен Президент Әкімшілігі олардың жұмыстарына баға бермек. Әйтпесе бірқатар аймақта жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес нысандарының саны кеміп кеткен.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мұндай жағдай еліміздің 8 өңірінде тіркеліп отыр. Әсіресе Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстарында ахуал күрделі. Кәсіп нысандарының саны қысқарған.

Осы орайда дұрыс есеп бермейтін мемлекеттік орган өкілдері жауапқа тартыларын да Президент ескертті. Ал институционалды қолдау қамтамасыз ету үшін «Бизнеске арналған Үкімет» атты бірыңғай қызметін іске қосу керек. Кейін Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және қоршаған ортаны қорғау жайына тоқталды.

Бізде ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуеті нашар. Былтырғы қорытынды бойынша өңделген өнімді сыртқы нарыққа шығару жоспары 85 процентке ғана орындалған. Неге? Кім кінәлі дейсіз ғой.

Өңделген өнімнің жайын айтқан соң Президент жер мәселесіне тоқталды. Белгілі. Келесі жылы жер кодексінің жекелеген нормаларына жариялаған мораторий аяқталады. Одан соң не болмақ? Бұл сұраққа да бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев кесімді жауабын берді.

Президент Үкіметке жүктеген жетінші міндетінде әлеуметтік салаға кеңінен тоқталды. Биылғы маусымдағы дерек бюойынша зейнетақының орташа жинақтық мөлшері 99 мың теңгеге дейін өсті. Еңбекке жарамсыз деп танылған, асыраушысынан айырылғандар үшін төленетін ақы 41 процентке, жұмысынан айырылғандарға берілетін көмек қаржы 44 процентке ұлғайтылды. 

Елге сапалы сандық жүйе керек. Бұл сегізінші міндет. Осы ретте Президент Үкіметке жыл соңына дейін 250-ден аса тұрғыны бар елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз етуге пәрмен берді. Осылайша халықтың 99,3 проценті ғаламторға қол жеткізеді. 

Авторы: Қорған Төреқожа

Хабар 24 телеарнасы