418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысындағы медициналық бұйымдар шығаратын зауыт қайта іске қосылды

  • 132
  • UPD: 21:25, 10.07.2020

Жамбыл облысындағы бір реттік медициналық бұйымдар шығаратын зауыттың жұмысы жанданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіпорын өндірісі сәуір айында шикізат тапшылығынан тоқтап қалған. Жуырда бұл проблема шешімін тапты. Шетелден қажетті материал жеткізіліп, өндіріс орнында қазір тәулігіне 40 мың данаға дейін бетперде шығарылып жатыр.

Бір реттік медициналық бұйым шығаратын зауыт Жамбыл ауданында орналасқан. Жылына 30 миллион дана өнім шығаруға қауқарлы. Биыл кәсіпорын өніміне сұраныс жылдағыдан екі есеге көбейіп кеткен. Әсіресе, наурыз, сәуір, мамыр айларында тапсырыс көп түсіп, зауыт күтпеген кедергіге тап болды.

Әлишер Анарметов, зауыт директорының орынбасары:

– 27 сәуірде зауыт жұмысы тоқтап қалды. Бұйымдар шығаратын шикізаты болған жоқ. Үшінші шілдеде алып келдік. 4 шілдеден бастап зауыт жұмысын бастады.

Қазір өндіріс орнында тағы бір мәселе туындап отыр. 330 жұмысшының 30 проценттен астамы инфекция жұқтырып, науқастанып қалған. Салдарынан кәсіпорын толық қуатқа шыға алмай отыр. Тәулік бойы жұмыс істейтін цехтар екі ауысымда ғана жұмыс істеп тұр. Шикізат бағасы да қымбаттапты.

Әлишер Анарметов, зауыт директорының орынбасары:

– Қазір қоймада жұмыс істеп жатырмыз. Себебі баға көтерілген. Пандемияда шикізат қымбаттап кетті.  

Қазір зауытқа кемінде жарты жылға жететін шикізат әкелінді. Кәсіпорын жетекшілері «Биылғы жағдай сабақ болды» деп отыр. Сондықтан шілде айының соңына дейін қор ретінде тағы қосымша материал сатып алу жоспарда. Айта кету керек, бұл зауыт осыдан он жыл бұрын Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған. Жоба қазіргі жағдайда тиімділігін көрсетіп отыр.

Бауыржан Төлендиев, Жамбыл аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы:

– Ол кезде зауытта 40-қа жуық медициналық бұйым шығарылатын. Осы бағдарламаның екінші бес жылдығы аясында 2019 жылы зауыт екінші корпусын іске қосты. Қазір жалпы алғанда 120 түрге жуық медициналық бұйымдар шығарады. Өнімі сұранысқа ие. Негізінен осы Қазақстан республикасы аумағында өткеріледі.

Аймақта дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар нарығы қатаң бақылауға алынған. Өңірде 43 мониторингтік топ құрылып, тексеру, бағаны бақылау жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінгі күнге дейін 200 нысан тексеріліп, бағаны негізсіз көтерген 50-ден астам кәсіпорын қожайындары жауапқа тартылды.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіәллә

Хабар 24 телеарнасы