417,99 492,14 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылордада жедел жәрдем қызметінен бөлек 125 мобильдік топ құрылды

  • 177
  • UPD: 21:57, 10.07.2020

Қызылордада эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты жедел жәрдем қызметінен бөлек 125 мобильдік топ құрылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың 33-і қалада, 28-і аудан орталықтарында, қалғаны ауылды жерлерде қызмет көрсетіп жатыр. Бұл аймақта мың жарымдай адамнан коронавирус анықталып, мыңнан астамы жазылып шықты.

Тағы 2135 тұрғын пневмонияға шалдығып, 200-ге жуығы ауруды жеңіп шыққан. Қазір өңірдегі емдеу мекемелері мен дәріханаларда дәрі-дәрмек жеткілікті. Емханалар үй жағдайындағы стационар жобасын қолға алды.

70-ті алқымдап қалған Сәуле Маканалина маусымның соңында қызуы көтеріліп, сай-сүйегі сырқырап, төсек тартып жатып қалады. Бір апта өздігінен емделіп көреді. Жөтелі күшейіп, алқына бастағасын ғана аймақтық дәрігерді шақырады. Зейнеткердің өкпесін рентгенге түсіріп, 2 жақты пневмония деп диагноз қойған медицина мамандары дереу ем-домға кіріседі. Дәрігер нұсқауы және қадағалауымен үздіксіз ем қабылдаған қария қазір еркін жүріп-тұруға жарап қалды.

Сәуле Маканалина, қала тұрғыны:

– Өзімнің аймақтық дәрігеріме шексіз ризамын. Олар күнде азаннан кешке дейін адамдарды қабылдап, қабақтарын түймей, жақсы сөзімен, шын жүрегімен тыңдап, қарап, емдеп жатыр.

Төртінші сәбиін күтіп жүрген Ақмарал Бәйімбетованың да өкпесі қабынған. Ауырсыну мен әлсіздікті сезіне салысымен ауылдық дәрігерді шақыртып, емдеу шараларын бастап кетеді. Құрсақтағы сәбиіне алаңдаған ананы Талсуат ауылдық амбулатория мамандары бір сәтке көзден таса қылмаған.  

Ақмарал Бәйімбетова, Талсуат ауылының тұрғыны:

– Жүктілігім – 32-33 апталық. Дәрігерлер баланы да тексеріп жатыр. Жағдайы жақсы, жүрек соғысы барлығы жақсы. Дәрігерлердің арқасында жағдайымыз жақсы. Пневмониядан емделуге болады. 

Емханаларда транспорт жетіспеуіне байланысты жергілікті әкімдіктердің қызметтік көліктері мобильдік топтардың қозғалысына берілді. Пневмонияға шалдыққан және симптомсыз коронавирус анықталғандар үй жағдайындағы стационарда емделіп жатыр. Емханаларда тұрғындарға үздіксіз онлайн кеңес беретін арнайы дәрігер бұрышы ұйымдастырылған.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев

Хабар 24 телеарнасы