418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысы: дәріні әдейі қымбат сатқандарды хабарлайтын сенім желісі іске қосылды

  • 223
  • UPD: 10:06, 12.07.2020

Көкшетауда бірнеше дәріхананың кейбір препараттарды шекті бағадан қымбатқа сатқаны белгілі болды. Мәселен, «Аспирин-Кардио» 1382 теңгеден аспауы қажет болса, аталған дәрі оларда 1590 теңгеден сатылған. Ал «Кардиомагнил» шамамен 50 теңгеге қымбаттаған. Сұраныстағы басқа да дәрі-дәрмектердің 20-30 теңгеге көтерілгені анықталған. Бұл арнайы мониторинг тобының алғашқы үш күндегі жұмысының нәтижесі.

Жалпы Ақмола облысында 350-ден астам дәріхана бар. Олардың 100-ге жуығы Көкшетауда орналасқан. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жанынан құрылған арнайы мониторинг тобы 3 күннің ішінде солардың отызын аралап үлгіріпті. Кезекті бақылауға біз де шықтық. Бағадан бұрын олардан сұраныстағы дәрі-дәрмектердің бар-жоғы сұралды. Себебі дәл осы мәселе қазір қоғамдық резонанс тудырып отыр. 

- Если вот, возьмем на основе парацетамола...

Мониторинг нәтижесінде қазіргі сұранысқа ие 40-қа жуықты препараттың 70 проценті жоқ екені анықталды. Олардың орнына қанша жерден балама ұсынамыз дегенмен, халықтың оны алуға құлықты емес екенін айтады мамандар. «Ал бағаның шамадан тыс қымбаттауына жол бермейміз» дейді дәріханадағылар. 

Жұлдыз Үсен, фармацевт:

- Бағаның қатты қымбаттауы болған жоқ, болмайды да. Себебі бақылау қатаң. Мемлекетіміз бұл бағытта біраз жұмыс атқарып жатыр. Қоғамдық ұйымдар мониторинг жүргізеді. Біз оның бәрін көріп, біліп отырмыз. Сондықтан біз мұндай әрекетке бармаймыз. 

Дегенмен, фармацевтер, дәрі жеткізетін компаниялардың соңғы кездері кейбір препараттарға бағаны сәл көтергенін жасырмады. Ал олар қымбаттатса, бұлар да үстінен қосатыны даусыз.

- Допустим парацетамол у нас 80 тенге... 

Мамандардың айтуынша, дәріханалар маңындағы дүрбелеңге тұрғындардың өздері де тікелей себепші болып отыр. Себебі «бір отбасынан бірінен соң бірі бірнеше адам келіп, вирусқа қарсы дәрілерді көптеп сатып алғанын да көз көрді» дейді тексерушілер. Дегенмен, сөрелерді бос қалдыруға болмайды.

Бақытжан Әмірханов, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы:

- Алдағы күндері дәрі-дәрмектер қосымша жеткізіледі. Олар нақты сол сұраныстағы препараттар. Бұл бағытта қазір денсаулық сақтау басқармасы мен фармацевтикалық компания жұмыс жасап жатыр. Ал оның барысын біз құзырлы органдармен бірге қадағалап отырамыз. 

Ал бағаның қымбаттамауын арнайы мониторинг тобы күн сайын бақылайтын болды. Егер ондай жағдайға тап болған ақмолалықтар болса, онда экранда көрсетілген номер арқылы тиісті орындарға шағым түсіре алады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы