418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандының Тоғызқұдық ауылындағы жолды жүк көліктер бүлдірді

  • 161
  • UPD: 21:54, 11.07.2020

Қарағандының Тоғызқұдық ауылында 10 жыл салынған жолдың бір жылға жетпей тоз-тозы шықты. Халық бұған ауыл іргесінде ашық кеніштен көмір таситын жүк көліктері кінәлі дейді. Ал құзырлы мекемелердің ауыр техниканы бұл жолмен жүргізбеуге шамасы жетпей отыр. 

Гүлжан Ілиясова, Тоғызқұдық ауылының тұрғыны:

- Былтыр шыққанда ол күні ең көп көлік болған жоқ, соның өзінде 100 шахман көлігі өтті. ЗИЛ, КАМАЗ-ды санамағанда, 100 ШАКМАН (Қытайдың жүк көлігі) өтті. Мына жол тек жеңіл көліктерге арналған. Ал, ана ауыр көліктер неге мынадан жүретінін түсінбейміз. 

Гүлжан Ілиясова Тоғызқұдық ауылын туғаннан бері мекен етіп келеді. Осыдан он жыл бұрын ауыл іргесінде жаңа көмір кеніші ашылғанда көмір тасыған көліктер - сол кездегі тақтайдай жолды ми батпаққа айналдырған. Талай жыл етегі жасқа толған ауыл тұрғындары былтыр облыстық бюджеттен 450 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініп, жол қайта жөнделгенде бөркін аспанға атып қуанған еді. Алайда тағы да сол жүк көліктер бұл жолды да өз илеуіне салып алыпты.

Дастан Жұмақұлов, облыстық көлік инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл жолда жүкпен бірге тонналық көліктер өтеді. ҚР заңы бойынша рұқсат етілген бір ось 10 тоннадан аспауы тиіс. 

Ал аудан әкімдігі бұл мәселеден хабардар. Тіпті кен орындарының өзінің технологиялық темір жолы бар дейді. Жолдан бүлдіретін жүк көліктер көмірді алыпсатарларға тиесілі. Көліктің жүгінің салмағын өлшеуге МАИ қызметкерлерінің құқығы жоқ. Ал көлік инспекциясының мына көшпелі көлігі мен таразысы алып Қарағанды облысында біреу ғана, сәйкесінше үлгіре бермейді. Сондықтан мәселені басқаша шешпек.

Сапар Сатаев, Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары:

- Бұл машиналардың барлығы Доскей ауылымен өтеді. Сондықтан сол ауылдың ішінде біз 2 камера қоямыз. Олар көліктің нөмірін тіркеп, базада 1 ай сақтап тұрады. Оны біз осы айдың 15-іне дейін қоямыз. Қоятын мердігерлермен келісім шарт жасалды. Сосын оның ақпараттарын ІІД мен көлік бақылау басқармасына береміз деген жоспар бар. 

Тоғызқұдық - Қарағанды қаласынан небәрі 60 шақырым қашықтықта жатқан ауыл. Бұқар жырау ауданына қарасты елді мекен тұрғындарының басым көбі облыс орталығына барып білім, алады, жұмыс істейді. Сондықтан ауыл тұрғындары үшін жолдың жайы жақсы қалпында сақталуы маңызды. Әйтпегенде тағы да жолға шығып, жүк көліктерін өзіміз жүргізбей қоямыз деп күйініп отыр.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы