420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралда дәріханалардың қызметі қатаң бақылауға алынды

  • 351
  • UPD: 14:06, 12.07.2020

Президенттің тапсырмасынан кейін аймақта дәрі дәрмек бағасын қадағалау мақсатында мониторингтік топ құрылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір топ мүшелері дәріханаларды аралап кемшіліктерді анықтауға кірісті. Өңірде препараттардың бағасын өсіріп сататын дәріханалар бар деп тұрғындар колл орталыққа жиі шағымданады екен. Мысалы бір дәріханада парацетамол 150-170 теңгеден сатылған. Ал оның шекті бағасы – 128 теңге.

Дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшы. Тіпті бірінші кезекте тұтынатын препараттарды шам алып іздесе таппайтын болған өңір тұрғындары. Сондықтан болар, бірінде жоқты екіншісінен іздеп сабылған жұрттың қарасы көп. 

Ал дәріхана иелері босқа байбалам салудың қажеті жоқ деген пікірде. Сонымен бірге антибиотиктерді тек дәрігердің рұсатымен ғана алған жөн дейді олар.

Надежда Лозак, фармацевт:

– Бізге әр адамға тек 5 данадан ғана дәрі сату жөнінде бұйрық бар. Көбі қызу түсіретін, ауруды басатын дәрілер сұрайды. Антибиотиктерді тек қана дәрігердің рецептімен босатамыз. Дәрігерлердің көбі онлайн жұмыс істеп отырғандықтан рецептер де осы тәсілмен беріледі. Біз дәрі-дәрмектерді соған қарап босатамыз. 

Әкімдіктегілер өңірде дәрі-дәрмек қоры жеткілікті дейді. Вирусқа қарсы және қызу түсіретін дәрілер саны 5 есеге артқан. Мысалы, парацетамол, аскорбин қышқылы, аспирин мен цефтриаксон секілді дәрілер жеткілікті мөлшерде бар екен.

Ғали Есқалиев, облыс әкімі:

– Маған кейбір дәріханаларда сатушылар дәрі-дәрмектерді кассадан тыс жерде жасырын сатқаны жөнінде ақпарат келіп жатыр. Әрине, үстінен пайда көру үшін қосымша ақы сұрайды. Сондықтан барлық дәріхана иелері мен сатушыларға өте қатаң бақылау жүріп жатқанын ескертемін. Бұл өте қауіпті құбылыс. Тіпті қылмыстық жауапукершілікке тартылуы мүмкін.

Алыпсатарлармен де күрес күшейді. Осы мақсатта арнайы құрылған мониторингтік топ дәріханаларда бағаны әдейі өсіру фактілерін анықтаумен айналысады.

Әлия Сәлиева, «Ақжайық адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы:

– Бізге қазір өтініштер түсіп жатыр. Халықтың көмегі керек, бізбен хабарласуы керек, үндемей қалмау керек. 128 теңге тұратын парацематолды 160 теңгеге сату бұл қылмыс деп ойлаймын.

Рустам Ақмырзаев, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы:

– Егер осындай жағдайлар анықталған жағдайда ҚР ӘК соған сәйкес азаматтарға және кіші кәсіпкерлерге айыппұл салынады, 200 мыңнан 3 миллионға дейін. Егер фактілер анықталып жатса, өзіміздің колл центр арқылы 1224-ке хабарласуға құқықтары бар.

Қазіргі таңда монитрингтік топ өкілері тұрғындардан түскен бірнеше шағымды қарап, тиісті шешім алуға дайындалуда. Әзірге кемшілік анықталған 2 дәріханаға айыппұл салынған.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы