432,23 508,50 5.48
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында бес баланы асырап алған жас мемлекеттік қызметші тұрады

  • 660
  • UPD: 22:19, 12.07.2020

Жамбыл облысының Талас ауданында жетім қалған бес баланы бірдей асырап алған мемлекеттік қызметші тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жас маман ағайынды үш ұл мен екі қызды бауырына басқан. Көпбалалы отбасы қазір Қаратау қаласында тұрады.

Алтынай Тапелова бұл балаларды 5 жыл бұрын бауырына басқан. Ол кезде жеткіншектердің ең үлкені 13, ал ең кенжесі 4 жаста болған. Жас мемлекеттік қызметші бүлдіршіндердің жағдайы туралы аудандық қорғаншылық, қамқоршылық функцияларын жүзеге асыратын бөлімнің бас маманы қызметінде жүріп танысып, біліпті. «Бұған дейін талай баланың тағдырына салқын қандылықпен қарадым. Бірақ дәл сол жолы осындай қадам жасауыма іштен шыққан ерекше күш әсер етті» дейді ол.

Алтынай Тапелова, Талас аудандық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Ең алғаш мен бұл балаларымды балалар үйіне алып бара алмадым. Мүмкін менің қызметіме де қайшы келетін шығар. Бұл балаларды үйіме алып келдім. Медициналық тексерістен өткізу үшін жуындырайын дедім. Сөйтіп жүргенімізде үш күн өтті. Қоштасқымыз келмейді. Бауыр басып қалғанбыз. Оның үстіне менің ата-анам да маған көмектесіп қасымда болды.

Бұл балалар қамқорлықсыз қалған. Өкінішке қарай, тағдырдың тауқыметімен туған ата-анасы ата-аналық құқығынан айырылған. Міне, сол балалардың алды қазір мектеп бітірген. Үйдің үлкені Ділназ. Ол журналист болсам деп армандайды. Шығармашылыққа жақын. Өлең шығаратын ақындық қабілеті де бар. Айтуынша, бүгінге дейін 40 шақты өлең жазыпты.

Ал ортаншысы Досжан спортқа жақын. Болашақта ел мерейін асқақтататын атақты боксшы болам, дейді.

Досжан Агибет, оқушы:

– Боксшы болу үшін не істеу керек? Көп жаттығу керек. Сосын сол үйірмеге қатысу керек. Әлі жарыстарға барған жоқпын.  Карантинге байланысты болмай жүр. 

Бұл шаңырақта отбасы ішілік өз дәстүрі, қалыптасқан мейрамы бар. Әсіресе, 11 қараша ерекше аталып өтеді. Өйткені осы күні жаңа отбасы құрылып, барлық қиыншылық артта қалған күн  саналады.

Алтынайдың өзі 7 жылдан бері мемлекеттік қызметте. Тұрмыс құрмаған қыз. Ол өз тағдырынан балалардың тағдырын биік қойған жан. Қаракөз балғындар үшін армандарынан бас тартып, жауапкершілікті мойнына алған. Оның батыл қадамы бүгінде көпке үлгі.

Алтынай Тапелова, Талас аудандық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Өзіңнің жүрегіңде батырлық болады екен. Менің өмірім жалғыз шығар. Бірақ мына бес өмір ғой деп. Бұл тұрарлық нәрсе. Бұл өз-өзіңді құрбан ету емес. Сен мысалы, 10 баламен болсаң да бағыңды ашады. Кейбір адам жастық шағың осымен өтетін болды ғой деп ойлайды. Мен олай   ойламаймын.  Үлкен кісілер де айтып жатады. Сенің мына балалар құрсағыңды жарып шықпаса да, жүрегіңді жарып шыққан екен деп.

Мөлдір Романова, Талас аудандық білім бөлімінің бас маманы:

– Жалпы, бізде 2019-2020 жылдары ешқандай ата-анасының құқығынан айыру бойынша іс болған жоқ. Бір іс қаралды ата-аналық құқықтан айыру бойынша. Бірақ та  ол әйел өзінің балалардың тәрбиесіне көңіл бөліп келе жатқандығын дәлелдей келе соңында ата-аналық құқықтан айырылмайтын болды.

Жалпы, Талас ауданы бойынша жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және патронаттық отбасында тәрбие алып жатқан 65 бала бар. Қазір оларды мемлекет тарапынан баспанамен қамту мәселесі жолға қойылып отыр. Бүгінге дейін 37 бала баспанамен қамтылған. Тағы 27 бала кезегін күтуде.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә

 

Хабар 24 телеарнасы