417,99 492,14 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда қоғамдық көліктер жаңартылады

  • 197
  • UPD: 22:16, 12.07.2020

Ақтаудағы автобус паркі қараша айына дейін 18 қоғамдық көлікпен толығады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қала билігі жаңа техниканы лизингке алмақ. Төлемнің 30 процентін аударып та қойыпты. Жалпы, қалада қатынап жүрген автобустың 70 проценті ескірген. Бұл мәселені біздің осы өңірдегі тілшілеріміз талай мәрте көрсеткен.

Өткен жексенбіден бастап Ақтауда енгізілген шектеу шараларына байланысты қазір автобустар қозғалысы мүлдем тоқтап тұр. Карантинге дейін жолаушылар тасымалы жеті бағыт бойынша жүзеге асып келді. Оларға төрт мекеме жауапты. Барлығын қоса алғанда іске жарамды 74 қоғамдық көлік бар. Автобустарға GPS жүйесі қондырылған. Яғни, смартфонға жүктелетін қосымша арқылы тұрғындар өзіне қажет маршруттың қай жерде келе жатқанын көріп отырады.

Сайран Күшкенбаев, қала тұрғыны:

– Жаңбырлы, салқын күндері 4-5 минут күтіп қалып қалатын уақыттар болатын. Маған осы «Infobus» мобильді қосымшасын телефоныма қондырғаннан бері өте рахат болды, ыңғайлы. Жалғыз мен емес пайдаланатын, бүкіл халық пайдаланады. Автобус иелеріне рахмет, әкімшілік тарапына рақмет.

Мемлекеттік бағдарлама аясында өткен маусымнан бастап Ақтауда барлық қоғамдық көлікте жолақы төлеудің электронды жүйесі іске қосылды. Осыған байланысты жолаушылар қолма-қол ақшасыз, банктік немесе арнайы электрондық карта арқылы төлем жасай алатын болды. Осы және өзге де техникалық мүмкіндіктермен биыл Қостанайдағы зауыттан құрастырылып келетін жаңа автобустар да қамтылған. 

Жалғас Мейілов, «Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» ММ бас маманы:

– Бұл автобустардың барлығы бейнекамералармен, GPS жүйелері мен валидаторлармен толықтай жабдықталған. Жалпы, бір автобустың құны 40 млн 500 мың теңге тұрады. Қазіргі таңда облыс бюджетінен сол 18 автобустың алғашқы 30 процент жарнасы, 216 млн 540 мың теңгесі төленіп тұр. Олар ескі автобустардың 25-30 процентін жаңалауға септігін тигізеді және бұл, әрине бірінші кезең бойынша. Әрі қарай да жұмыстар жалғаса береді, жыл сайын кезең-кезеңімен автобустар жаңартылады.

Әлеуметтік осал топтарға жататын тұрғындар былтырғы желтоқсанда автобуста тегін жүру мүмкіндігінен айырылған еді. Бұған оларға берілетін жол билетінің қолданыстан алынуы себеп. Ендігі жерде І-ІІ топ мүгедектері, көп балалы аналар, Чернобыль апатын жоюшылар мен Ақтаудың құрметті азаматтары үшін электронды карталар дайындалды. Қазір олар таратылып жатыр. Әкімдік қызметкерлерінің сөзінше, күні бүгінде 3 мыңға жуық адамға берілген. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы