431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандықтар коронавирус құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды

  • 239
  • UPD: 15:38, 13.07.2020

Елорда уақытымен түскі сағат 12:00-де қазақстандықтар коронавирус инфекциясынан көз жұмған азаматтарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шара ел бойынша өтті. Солардың бірі – бас қаладағы бас Мемлекеттік тудың жанында ұйымдастырылды. Дәл қазір арна тілшісі Нұршапағат Несіпбаев рәміздер алаңынан тікелей эфирге шығуға әзір.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

Біз қазір түнде ғана төмен түсірілген бас қаладағы бас Мемлекеттік тудың жанында тұрмыз. Осыдан шамамен бір сағат бұрын Ұлттық ұланның Құрмет қарауылы, Қорғаныс министрлігінің сарбаздары, құтқарушылар және полиция қызметкерлері сап түзеп, індет құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған алғашқы науқас 13 наурызда тіркелген. Ал екі аптадан соң, нақтырақ айтсақ, 26 наурызда Қазақстанда коронавирустан болған бірінші өлім туралы хабарланды. Ресми мәлімет бойынша жұқпалы індеттен 375 адам көз жұмған. Бүгінгі шараға жиналғандар олардың жақындары мен туыстарына көңіл айтып, науқастардың тезірек жазылуын тіледі.

Манарбек Ибраһим, ҚР Қарулы күштерінің офицері:

- Қымбатты отандастар, қазір бүкіл әлем бойынша болып жатқан, індет салдарынан болып жатқан қаралы жағдайларға бүгінгі болған іс-шара тағзым ету, туған-туыстар, ағайынға, елге көңіл айту, болған оқиғалар аяқ астынан індеттің салдарынан болып жатыр.

Елдегі ахуалға байланысты 8 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа үндеу жасағаны белгілі. Онда Президент бұл індеттің кесірінен талай асыл азаматымыздан көз жазып қалғанымызды ескере отырып, 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Тиісті Өкімге ертеңіне қол қойылды.

Естеріңізге салайық, соңғы рет Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні 2019 жылдың 28 желтоқсанында жарияланған еді. Алматы түбінде Bek Air компаниясына тиесілі ұшақ құлап, 12 адам қаза тапқан. Енді араға жарты жыл салып, елімізде қайтадан қаралы күн жарияланды. Жалпы 1991 жылдан бері Қазақстанда аза тұту күні осымен тоғызыншы рет тіркеліп отыр.

Хабар 24 телеарнасы