417,99 492,14 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысының тұрғындары індеттен көз жұмғандарды еске алды

  • 190
  • UPD: 15:41, 13.07.2020

Қарағанды облысында бүгінгі күні инфекциялық ауруханалар 81%-ке толып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал, провизорлық орталықтардың толуы – 79%. Облыста 75 адам қауіпті вирустың құрбаны болған. Бүгін осы өңірде де Мемлекеттік ту түсіріліп, облыс тұрғындары індет құрбандарын еске алды.

Арна тілшісі Дәуренбек Бағдәулетұлы тікелей эфирге қосылып, өңірдегі эпидемиологиялық ахуалмен бөлісуге дайын.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Қарағанды облысында коронавирустық инфекция салдарынан ресми ақпарат бойынша 75 отбасы қара жамылып, жақындарынан айырылған. Ал, жыл басынан бері пневмония ауруына 7 мың адам шалдығып, салдарынан 200-ге жуық адам бақилық болған. Қарапайым халық болса: «күніне кемі 3-4 қаралы хабар естиміз», деп үрейленеді. 

Бүгін облыстың түкпір-түкпірінде бір мезетте фәниден бақиға аттанғандарды бір минут еске алу рәсімі өтті. Рәсім бір мезетте Қарағанды қаласының үш жерінде өткізілді. Ол Тәуелсіздік стелласы, мемлекеттік рәміздер алаңы және облыстық денсаулық сақтау басқармасының алды. Ал, ресми органдардың маңдайшасындағы Мемлекеттік ту төмен түсірілген.

Жалпы қазір қауіпті індет облыстың 9 қаласы мен 9 ауданын айтпағанда, ірілі-ұсақ ауылдарға да жетті. Сондықтан алдағы уақытта облыс орталығында инфекциялық және пульмопровизорлық орталықтарды көбейту мәселесі қаралып жатыр. Кәсіпкерлер мен ірі кәсіпорындар көмек ретінде қажетті аппарат, құрал-жабдықтар алып беруді жалғастыруда. Мысалы, осыған дейін өкпені жасанды жолмен желдету аппаратының облыстағы саны 45 болған болса, алдағы уақытта тағы 80 аппарат жеткізілмек.

Облыста елдегі төтенше жағдай кезінде құрылып, кейін жұмысын тоқтатқан жедел штаб қайта құрылып, өз жұмысын жалғастыра бастады. Ол дәріханалардың дәрімен қамтылуы сынды өзекті мәселені қадағалайтын болады. Жалпы алғанда Қарағанды облысында 6 мың ауру жұқтыру фактісі анықталды, оның 4 мыңға жуығы емделіп шыққан. Қазір COVID-19 жұқтырғандарды емдейтін 4200 төсек орын бар, қажет болса саны арта түседі.

Хабар 24 телеарнасы