418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Құбылмалы КВИ. Емдеу хаттамасын жиі өзгертуге тура келіп отыр

  • 131
  • UPD: 18:11, 13.07.2020
Құбылмалы КВИ. Емдеу хаттамасын жиі өзгертуге тура келіп отыр

Жақында коронавирус инфекциясын емдеудің 11-хаттамасы бекітіледі. Бұл туралы бүгін Алматы қаласының штаттан тыс бас пульмонологы Сәуле Қасенова мәлімдеді.

Айтуынша, дәрігерлер күн сайын бұл аурудың жаңа симптомдары мен оны емдеудің жаңа тәсілдерін анықтап жатыр. Сол себепті аталған құжат жиі өзгертіледі. Мәселен, көрші Ресей мамандары да емдеу хаттамасын 8 рет жазып шықты.

Сәуле Қасенова, Алматы қ. штаттан тыс бас пульмонологы: 

- Жаңа хаттаманы әзірлеу үшін инфекционист дәрігерлерден тұратын арнайы комиссия көп жұмыс атқарады. Олар басқа мемлекет мамандарының ұсыныстарын да ескереді. Сол себепті біздің хаттама халықаралық талаптарға сай келетініне күмән жоқ. Біз күнделікті науқастардың денсаулығын тексергенде аурудың түрлі жаңа белгілерін анықтап жатырмыз. Сондықтан құжатқа үнемі өзгерістер енгізу қажет болып тұр.

Сонымен қатар дәрігер коронавирустан емделіп, ауруханадан шыққан науқастар үйлерінде ем қабылдауды тоқтатпауы керектігін ескертті. Пульмонолог халық медицинасына жүгініп, демалу жаттығуларын жасауға кеңес берді. Жазылғандар асқазан аурулары болмаса, қымыз, шұбат сынды сусындарды көбірек ішуі тиіс. Сондай-ақ Сәуле Қасенова өгейшөп, қызылмия тамыры сынды фитопрепараттарды қабылдағанды жөн санайды.

Хабар 24 телеарнасы