418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауға Ресейден бір топ дәрігер барды

  • 114
  • UPD: 18:33, 13.07.2020

Ақтау қаласына Ресейден бір топ дәрігер барды.Барлығы коронавируспен күресте мол тәжірибе жиған мамандар. Оларды аймақ әкімдігі еліміздің денсаулық сақтау министрлігімен келісе отырып, Мәскеуден чартерлік ұшақпен алдыртып отыр. Маңғыстау өңіріндегі провизорлық орталықтарда ақ халаттылардың тапшылығы жайлы бұған дейін де айтқанбыз. Қазіргі уақытта вирус жұқтырған науқастардың өмірін сақтап қалу үшін 200 медицина қызметкері күндіз-түні аянбай еңбек етіп жүр. Енді олардың қатарына тоғыз шетелдік дәрігер қосылды. 

Талғат Исламұлы, тілші:

- Маңғыстау өңірінде COVID-19 және пневмониямен ауыратындардың саны соңғы кезде күрт артып отыр. Мұның соңы оқшаулау орындарда дәрігердің жетіспеушілігіне алып келді. Аймақ әкімі Серікбай Трұмовтың тікелей араласуымен күні кеше Ресейден инфекционист, пульмонолог, рентгенолог, фтизиатр және басқа салалар бойынша тәжірибелі мамандар ұшып келді.

Мәскеулік дәрігерлер Ақтауға келген бойда жұмыс жоспарын талдап алып, бірден іске кірісіп кетті. Бүгінде олар қалалық ауруханаларға бөлініп, жұмыс жасап жатыр. Коронавируспен күреске меценаттар мен еріктілер де белсенді атсалысып жүр. Олардың қаржылай қолдауымен Ресейден 45 оттегі концентраторы келді. Оның 30-ы облыстық провизорлық стационарға, бесеуі Жаңаөзенге, қалғандары екі-екіден аудандарға жіберілді. Қазір олар іске қосылған. Сондай-ақ ақтаулық волонтерлер оқшаулау орындарына 95 оттегі баллонын жеткізіп берді. Жанашыр азаматтардың айтуынша, бұл жұмыстар алдағы күндері де жалғаса береді.

Серікбай Тұрымов, облыс әкімі:

- Қазіргі жағдайда барлық азаматтар, кәсіпкерлеріміз, депутаттар, қоғам белсенділері барлығы да өз үлесін қосып жатыр. Өкпе қабынуы ауруларына байланысты біраз қиындықтар бар. Қазір 1400-дей адам бізде провизорлық стационарларда ем алып жатыр. Оларға ресейдің азаматтары келіп көмектесіп жатыр. Жақын арада бізге орталықтан әскери дәрігерлер келеді деп күтіп отырмыз. Бүгін-ертең келеді және Грузиядағы елші Мұхамеджанов Бауыржан Әлімұлымен бүгін өзім тілдестім. Сол жақтан дәрігерлерді алдыру жөнінде жұмыстарды жасап жатырмыз.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі телевизиялық үндеуінде Қазақстанда науқастарды шұғыл көмек көрсететін мобильді топтардың санын 3,5 мыңға жеткізуді тапсырды. Осы орайда облыс басшысының бұйрығымен әкімдіктің 30 қызметтік көлігі ауруханаларға берілді. Ендігі кезекте олар тұрғындар шақыртуына баратын учаскелік дәрігерлерді тасиды. Пандемия уақытында бірқатар мемлекеттік қызметшілер қашықтан жұмыс істеп жатыр. Яғни босаған автокөліктер ақ халаттылардың қажетіне жарады. Жанармай құю, дезинфекциялау, көлік жүргізушілерін жеке қорғаныш құралдарымен қамту тағы басқа шығындарды әкімдік көтереді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы