418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің өңірлері коронавирус құрбандарын еске алды

  • 138
  • UPD: 19:14, 13.07.2020

Жаһанды жайпаған індет құрбаны біздің елде аз емес. Марқұмдардың рухына арнайы жарияланған жалпыұлттық аза тұту күнінде күллі халық ел қайғысына ортақтасып, жер-жерде еске алу рәсімі өтті.

Мемлекеттік органдар мен шекаралық дипломатиялық мекемелер ғимаратындағы мемлекеттік ту төмен түсірілді. Көңіл көтеретін шаралар мен телебағдарламалар тоқтатылды. Жер-жерде, өңір-өңірде марқұмдардың рухына құран бағышталды.

Бүгін бүкіл ел күңіренген күн. Қабырғаны қайыстырып, қаза болған қайыстай азаматтарды күллі халық жүрегі езіле, еске алды. 375 жанның шаңырағы қара жамылғанда, Президент қаралы күн жариялады. Еске алу шарасы Елорданың рәміздер алаңында өтті. Бас мемлекеттік тудың жанында ұлттық ұланның құрмет қарауылы, қорғаныс министрлігінің сарбаздары, құтқарушылар және полиция қызметкерлері де бір минут үнсіз тұрып, індет құрбандарының рухына тағзым етті.

Манарбек Ибраһим, ҚР Қарулы күштерінің офицері:

 - Қазір бүкіл әлем бойынша болып жатқан індетке еліміздің, халқымыздың арасында болған қаралы жағдайларға бүгінгі болған іс-шара -  тағзым ету. Сол кісілердің туған-туыстарына, ағайынға, бүкіл елге көңіл айту.

Марқұмдарды Сыр жұрты да аза тұтты. Мемлекеттік мекемелер қызметкерлері, полицейлер тізіліп, шейіт болғандарды үнсіз еске алды. Жер-жаһанды топалаң қылған індеттен өңірде 7 тұрғын бақиға аттанды. Қазір 2 мыңдай сырбойылық ем-дом алып жатыр. Аға буын зобалаңның беті қайтсын деп жаратқаннан тілек тіледі.  

Серік Дүйсенбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

 - Ауырып жатқан, науқастанып жатқан, ем алып жатқан біздің азаматтарымызға ем шипалы болсын. Ендігі жерде елімізде мұндай қаралы күндер болмасын. Жақсы күндеріміз жақын болсын.

Ал Алматыдағы көпір құрылғыларын жасау зауытының ұжымы да ел қайғысына ортақтасты. Үздіксіз жұмыс істейтін станоктардың жұмысы бір сәтке тоқтады. Мәңгілік мекеніне аттанғандарды еске алу азаматтық парыз. Ауыр қасіреттің кесапатын тартқан отбасыларға көңіл айтты. Зауыт жұмысын 600 қызметкер көтеріп келеді. 

Мезгілсіз кеткендерді жамбылдықтар да күңірене еске алды. Облыстағы ірі коммуналдық мекеменің бір топ қызметкері марқұмдарға бір сәт үнсіздік арнады. Ерекше айтқан жөн, кәсіпорын қауіпсіздік шараларын тас түйін сақтанып отыр. 600-ден астам қызметкердің 80 проценті қашықтан еңбек етіп, тұтынушыларға да онлайн қызмет көрсетуде. Жалпы Жамбыл аймағында 2 мыңнан астам науқас тіркеліп, өкініштісі, 3 адам айыға алмады.

Қанжарбек Қауылпанов, «Жамбыл су» мекемесі директорының орынбасары:

 - Халықты сабырлыққа шақыра отырып мына енді өзіміздің індеттен аман-есен құтылайық. Туымыз енді бұдан былай төмен түспесін.

Қырғидай тиген коронавирус шығыста 80 адамның өмірін қиды. Шығыс Қазақстан облысында инфекциядан көз жұмғандарды еске алу рәсімі өтті. Ірі өнеркәсіптер мен зауыттар жұмыстарын кідіртіп, өз ғимараттарының алаңында 1 сәт үнсіздік жариялады. Осылайша қарапайым жұмысшылар қараша халықтың мұңын бөлісті.

Зоя Новолодская, машина құрастыру холдингінің басқарушы директоры

- Бұл ауру жас кәріге қарамайды. Тепсе темір үзетін азаматтар көз жұмып жатыр. Болашақта бұндай күндер қайталанбаса екен деп тілеймін.Қайғы жұтқан жандардың барлығына көңіл айтамын.

Батыстың Оралында да мешіттерде барзақ әлеміне кеткен індет құрбандарына арналып құран хатым дұғасы бағышталды. Яғни құран басынан аяғына дейін толық оқылмақ. Осы күні құрандағы 114 сүре мен 6666 аят марқұмдардың рухына бағышталады дейді дін мамандары.  Өңірде 140 мешіт пен 1 медресе жұмыс істейді. Имамдар марқұмдардың жаны пейіште шалқысын деп тілеп, 100 құран хатым бағыштады.

Мейрамбек Әбдірахманов, облыс имамының орынбасары: 

- Біздің қазақтың басынан қандай да нәубет қиын замандар өткен болатын. Бұл қиындық та өтеді. Біздің қазақ қандай да қиындыққа қарсы тұра біледы. Қандай да бір қиыншылық болған болса пайғамдардың хадисіне келгенде оның артынан екі жақсылығы болады дейді. Сол үшін  біз алладан дұға тілеу арқылы имамдар болып құрбандық шалып аллдадан дұға тілек жасап осы індентен тез арада сауығып кетуді құдайдан сұрап жатқан жайымыз бар.

Ел болып аза тұтты. Жан адамды аямай ажал құштыратын дерттің шеңгелінен шығудың амалын әлем іздеп-ақ әлек. Әзірге қолдан келер бар қайран мұқият сақтану. Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер демекші, дәрі-дәрмек қат кезеңде қалталы азаматтардың қарап қалмағаны да маңызды. Себебі талайды жалмаған тәж тажалы әлі айылын жимай тұр.

Авторы: Индира Жылқайдарова

Хабар 24 телеарнасы