418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда COVID-19 дертімен байланысты ахуал көңіл көншітпей тұр

  • 246
  • UPD: 21:07, 13.07.2020

Атыраудағы ахуал көңіл көншітпей отыр. Ауру жұқтырғандар саны бойынша облыс алдыңғы орынға шығып кеткен. Мемлекет басшысы облыс әкіміне сөгіс жариялап, жағдайды қалыпқа келтіруге 2 апта уақыт берген еді. Соңғы тәулікте облыс бойынша 266 адамның ауру жұқтырғаны анықталып отыр. 

27 наурыз. Атырау облысында алғаш рет қауіпті індетке шалдыққан 3-ақ адам тіркелген еді. Содан бері ауру саны сәт сайын артты. Ахуалға байланысты қауіпсіздік шаралары да дер кезінде қолға алынған. Қалаға кіріп-шығатын 4 бағыт бойынша блок-бекеттер қойылды. Тұрғындардың жүріп-тұруына да шектеу жасалды. Базарлар мен ірі сауда нүктелері жұмысын тоқтатты. Қоғамдық көліктер жүрген жоқ. Мұнайлы шаһар індеттің ілмегіне осылай ілінген еді. 

Байтолла Ғазизов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Өкінішке орай, бүгін, 27 наурыз күні Атырау облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 3 адам анықталды. 3 науқастың да жағдайы қазіргі таңда қанағаттанарлық. Тиісті протоколға сай, емдеуге жатқызылып, ем-дом шаралары жасалып жатыр. Олардың жағдайлары тұрақты бақылауда. 

Ал Теңіз кенішінде алғаш 8 сәуір күні 50 жастағы әйелден ауру белгілері анықталған еді. Ондағы барлық мекеме шұғыл іске кірісті. Дезинфекциялау жұмыстары әп сәтте басталып та кетті. Бірақ ауру ауыздықтауға келмеді. Кен орынын карантинге жабуға тура келді. Қазір Теңіз кен орынында шектеу шаралары қатаң қадағаланып отыр. 19 шілдеге дейін осылай жалғаспақ. Қазір ол жерде барлығы 2 мыңнан астам науқас тіркелген.

Алмагүл Көшкімбаева, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін БД бас маманы:

- Теңіз кен орнында ауру жұқтырғандарды орналастыратын 300 орындық провизорлық стационар ашылды. Сондай-ақ, науқастарымен байланыста болған адамдарды оқшаулау мақсатында вахталық кенттерде карантиндік төсектер жасақталды. 21:00-ден 5:00-ге дейін вахталық кенттердің ішінде адамдардың қозғалысына тыйым салынады.

Ресми дерек бойынша өңірде 13 адам қауіпті індеттен қайтыс болған. Қазір қос өкпесі қабынып, аурухана түсіп жатқандар көп. Облыста барлығы 2200 адам пневмонияның зардабын тартып жатыр. Аурудан көз жұмғандар да аз емес. Бұл туралы Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірге келген арнайы комиссия мүшелері мәлімдеді.

Марат Шоранов, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:

- Қазірден бастап, жаңағы ковидтан қаза тапқан азаматтарды және пневмониядан қаза тапқан азаматтарды бөлек санайтын боламыз. Пневмониядан, коронавирустың пневмониясынан 47 сондай тіркелген случаев. 

Қазір облыс қауіпті індеттің құрсауында тұр. Ауру жұқтырғандар саны бойынша ең алғашқы орында. Барлығы 8000 мыңға жуық науқас тіркелді. Өңірдегі бұл ахуал ешкімді бей-жай қалдырмады. Мемлекет басшысының өзі ахуалға алаңдап, облыс әкіміне сөгіс те жариялады. Жауаптыларға арнайы көмек жіберуді тапсырып, дәрі мен дәрігер санын арттыруды қадап айтты. Соған орай, қазір облыста шектеу шаралары күшейтілген. Бірқатар сауда нүктелері мен ойын-сауық орталықтарының жұмысына тыйым салынды. Азық-түлік супермаркеттері мен дәріханалар таңғы 10-нан кешкі 9-ға дейін ғана жұмыс істейді. Жолаушылар пойызы тоқтады.

Сүлеймен Әубәкіров, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін БД басшысының орынбасары?

- Алматы қаласы, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарына қатынайтын темір жол жолаушылар тасымалы тоқтатылады. Сондай-ақ, бизнес объектілердің, оның ішінде адвокаттардың, нотариустың, бухгалтерлік және кеңес беру қызметтері, жылжымайтын мүлік және жарнама агенттіктерінің қызметіне тыйым салынады.

Дәрі тапшылығы әлі де сезіліп отыр. Күні кеше керекті дәрі-дәрмек тиеген екінші жүк көлігі Алматыдан жетті. Алдағы жұма күні коронавирусқа қарсы медициналық препараттар тағы да әкелінбек. Жергілікті медициналық оқу орындарының студенттерін жұмысқа тартып, дәрігер тапшылығын да жоямыз-, деп отыр жауаптылар. Соңғы тәулікте облыс бойынша 266 адамның ауру жұқтырғаны анықталып отыр. Айта кетейік, бүгін мемлекеттік мекемелердегі Ту түсіріліп, атыраулықтар 1 минут үнсіздікпен қауіпті індеттен қаза тапқандарды аза тұтты. 

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы