418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да вирустың жаңа ошағы пайда болды

  • 164
  • UPD: 09:52, 14.07.2020

Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласындағы балаларды оңалту орталығындағы балалар мен қызметкерлерден коронавирус инфекциясы анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кету керек, осыған дейін ол мекемеде тек екі баладан осы қауіпті ауру түрі анықталғанын айтқан едік. Қазір жағдай күрделеніп, 35 бала мен 22 қызметкерден COVID-19 белгілерінің бар екендігі мәлім болды. Ал жалпы өлкеде коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдар саны 3 мыңнан асып жығылды.

Аягөздегі бұл әлеуметтік медициналық орталықта коронавирус жұқтырғандар саны күрт артты. Қазір арнайы тест 35 балада және 22 қызметкерде осы індет белгілерінің бар екендігін көрсеткен. Айта кету керек, осыдан біраз уақыт бұрын осы мекеменің екі тәрбиеленушісінен коронавирус анықталып,олар бірден оқшауланып емделіп шыққан болатын. Енді бұл жолы жұқпалу аурудың тарауына не себеп болғаны әзірге белгісіз. Дәрігерлердің айтуынша, жаппай сырқат белгілері байқалған балалардың денсаулықтары жақсы. Олар қауіпті инфекцияның жеңіл түрін өткеруде.

Шолпан Мақашева, «Балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» ҚММ директоры:

– Алғашқы клиникалық белгілері байқалысымен балалар аудандық инфекциялық аурухана бөлімшесіне жатқызылатн болады. Мен өзім педиатр дәрігер ретінде тәулігіне бірнеше рет тәрбиеленушілердің жағдайын бақылап жүрмін. Сондықтан олардың өміріне ешқандай қауіп жоқ деп айта аламын.

Жалпы облыс эпидахуалды тұрақтандыру үшін қатаң карантиндік режімге қайта оралды.Көлік жүргізушілері қызыл және көк түсті рұқсатнама тәртібімен және тақ-жұп күндер ретімен қатынауда. Ірі сауда орындары, азық түлік емес дүкендер жабық. Қоғамдық тамақтандыру орындарының жазғы алаңқайлары ғана істейді. Карантин талабының сақталуын қадағалауға орай 4 мыңға жуық тексеріс болып, 400 тәртіп бұзушылық анықталды. Талап бәріне ортақ. Өйткені басында тек Семей мен Өскеменде ғана өршіген инфекцияның өлкедегі географиясы кеңейіп кеткен.

Марат Исмаилов, облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері:

– Ең күрделі жағдай Өскемен мен Семей қаласында, 700-ден астам жағдай тіркелді. Ал Аягөз бен Жарма ауданында 100-ден 250 жағдайға дейін тіркелуде.

Әзірге әлемді жайлаған індетті тоқтатудың жалғыз жолы – карантин режимін сақтап, оқшаулану. Мәселен, карантиндік шара ұзағырақ сақталған Семей қаласындағы көрсеткіштерде оң өзгерістер бар.

Даниал Ахметов, облыс әкімі:

– Екінші шілдеде Семейде 14, ал Өскеменде 46, үшінші шілдеде Семейде 15, Өскеменде 48, ал тағы бір күннен соң Семейде он екі, Өскеменде – 53. Осылайша біз қабылданып жатқан шаралардың сөзсіз жақсы нәтиже беретініне көз жеткізіп отырмыз.

Мамандар қабылданған шешімдер арқасында осы апта ортасына қарай аймақта коронавирус көрсеткіші төмендетуі мүмкін деп санайды. Айта кету керек, аталған кеселден және оның адам бойындағы өзге де ауруларды өршітуі салдарынан, сонымен қатар пневмониядан 80-нен астам шығысқазақстандық бақилық болды.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин, Жігер Бабақанов

Хабар 24 телеарнасы