417,99 492,14 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарлық дәрігерлерге бір центнер қымыз сыйға тартылды

  • 137
  • UPD: 16:48, 14.07.2020
Павлодарлық дәрігерлерге бір центнер қымыз сыйға тартылды pavlodarnews.kz

Иммунитетті көтеретін қазақтың ұлттық сусынын медиктерге облыстық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы ұсынды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Осы игілікті іс арқылы кәсіподақ өкілдері Мойылды санаторийінде ұйымдастырылған провизорлық госпитальдің дәрігерлеріне қолдау көрсетті.

Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухана директорының орынбасары Әмірхан Тұргелдинов 100 литр шамасындағы көлемде шипалы сусын сыйлаған кәсіподақ басшысы Нұргүл Қайырденоваға зор алғысын айтты.

«Мұндай көмек үшін рахмет. Осындай қиын-қыстау кезеңде бізге - дәрігерлерге де оңай емес. Жұмыс өте қиын. Алайда осындай көмек көрсеткен сайын адамдардың қамқорлығын сезініп, жұмыс кезінде жігеріміз күшейе түседі», деді ол.

Доктор сөзіне қарағанда, қымыз күнделікті жұмыс кезінде жоғалтатын ылғал мен минералдарға деген тапшылықтың орнын басады. Оның үстіне Әмірхан Тұргелдинов қымыз – ата-бабаларымыздан бері тыныс алу органдар қабынуларын емдейтін бірден бір дәрілік сусын екендігін растады.

Осы орайда дәрігер тұрғындарды табиғи азық-түліктерді тұтынып, оқшаулау режимін сақтауға шақырды.

Айта кетейік, 2 шілдеде ашылған провизорлық орталықта 25 дәрігер, 47 медбике, 50 санитар жұмыс істейді.

Қазірде мұнда 177 жеңіл және орташа деңгейдегі науқас жатыр. Орталық ашылған күні күні 250 адам болған. Осы күнге дейін 120 адам сауығып шықты.

Естеріңізге сала кетейік, «Мойылды» шипажайының ғимаратында бірден 500 провизорлық төсек-орын қойылды. Бұл жер науқастардың ем қабылдауына жайлы, ал шипажайдың кірме жолдары ыңғайлы. Аталған стационарға жағдайы ауыр емес пациенттер жатқызылады.

Хабар 24 телеарнасы