418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысы әкімдігінің 30 қызметтік көлігі ауруханаларға берілді

  • 128
  • UPD: 22:02, 14.07.2020

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті телевизиялық үндеуінде Қазақстанда науқастарға шұғыл көмек көрсететін мобильді топтардың санын 3,5 мыңға жеткізуді тапсырды, хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жұмыстар Маңғыстау облысында оң жолға қойылды. Өңір жетекшінің шешімімен әкімдіктің 30 қызметтік көлігі ауруханаларға берілді. Енді олар шақыртуларға баратын учаскелік дәрігерлерді тасиды.

Бұдан былай Маңғыстау өңіріндегі емханалар мен жеке медициналық мекемелердің учаскелік дәрігерлерін әкімдіктің қызметтік көліктері тасиды. Техника жетіспеушілігін азайту мақсатында облыс әкімі Серікбай Тұрымов осындай шешім қабылдады. Пандемия уақытында бірқатар мемлекеттік қызметшілер қашықтан жұмыс істеп жатыр. Яғни, босаған темір тұлпарлар енді ақ халаттылардың қажетіне жарамақ. 

Ержан Күмісқали, облыстық ішкі саясат басқармасының жетекшісі:

- Алдағы үш күнде көліктер жететін болса, онда 100% қамтимыз. Біздің ойымызша, бізде қазір мүмкіндік толықтай бар. Егер де көлік жетпесе, тағы да қосымша береміз. Бұл көліктердің мақсаты – дәрігерлер барып, науқастар қоңырау шалса, үйлеріне барып, ем-дом шараларын жасауға толық мүмкіндік болады. Бұл енді әрине, біздің ел Президентінің тапсырмасына орай іске асырылып жатқан дүние.

Темір тұлпарларға жанармай құю, дезинфекциялау, жүргізушілерді жеке қорғаныш құралдарымен қамту тағы басқа шығындарды әкімдік көтереді. Ал бұл 30 көлік мобильді топтар қажеттілігінің 80%-ін жабады.

Қасым Серік, емхананың бас дәрігері:

- Алғысымыз шексіз. Қазіргі уақытта 5000 науқасқа бір мобильді бригада емханалар құрастырып жатыр. Соның аясында көптеген көмек болар еді. Себебі дәрігерлер мен медбикелерге үй-үйді аралап, олардың температурасын өлшеп, хал-ахуалын бақылап және тест алуға қазір автокөліктердің жетіспеушілігі тығыз қажеттілік етіп отыр.

Қазір күніне 45 бригада жұмысқа шығады. Сондықтан облыстық әкімдіктегілер алдағы екі айда тағы осындай 50 арнайы көлік сатып алуды жоспарлап отыр.

Авторы: Самат Қайырденұлы

Хабар 24 телеарнасы