431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Батыс Қазақстан облысында егінге орақ түсті

  • 246
  • UPD: 22:54, 14.07.2020

Күні бүгін 82 мың гектар алқапқа себілген күздік бидайдың 5 мың гектары орылып, 10 мың тоннаға жуық өнім қамбаға құйылған, хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, Бәйтерек ауданында бидай бітік шыққан. Астықты ауданның диқандары әр гектардан 45 центнерге дейін өнім жинауда.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Ел ырысы саналатын сары алтынды ысырапсыз қамбаға құю жұмыстары дәл қазір Бәйтерек ауданында қарқын алып келеді. Мұндағы бітік егіннің көрінісі көңіл қуантады. «Егер лақтырған бас киімің теңіздей толқыған бидайдың арасына батып кетпей, бетінде қалқып тұрып қалса, ол мол өнімнің дәлелі», - дейді кәнігі диқандар. Міне өздеріңіз көргендей, мына алқаптан алынар өнім аз болмауы тиіс.

Александр Матевосян – ырыздығын жерден терген тәжірибелі диқандардың бірі. Агротехникалық шараларды сақтап, сапалы тұқым себудің нәтижесінде жылда мол өнімге қол жеткізіп келеді. Күздік бидайға бастап орақ салған оның дәл қазір қуанышы қойнына сияр емес. Макарон шығаруға керекті аса қатты бидай сұрыптарының әр гектарынан ол 45 центнерден өнім алуда. Өткен жылы оның шаруашылығында егін өнімділігі 33 центнерден аспаған екен.

Александр Матевосян, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Орал өңірі нансыз қалмайды. Соған сенімдіміз. Биыл егін жақсы шықты. Күздік бидайдың гектарынан 45 центнерден алып жатырмыз. Дәннің салмағы, ақуызы, протеині бәрі де талапқа сай. Бірақ қазір күн қатты ыстық. Көлеңкеде 42 градусқа барып тұр. Мұндай жағдайда піскен егінді тез жинап алмаса, бидай қурап өздігінен түсіп қалуы ғажап емес. Сондықтан қолда бар техниканы оруға салдық.

Өңірде биыл 230 мың гектарға дәнді дақылдар себілсе, соның 134 мыңы Бәйтерек ауданына тиесілі. Аудан бойынша күздік дақылдардың әр гектарынан алынған орташа өнім 30 центнерден келеді екен. Шаруалар қажетті дизельді отынмен толық қамтылған. Егін орағына облыс шаруашылықтарына 11 мың тонна солярка әр литрі 167 теңгеден жеткізіліпті.

Лауаз Уәлиев, Бәйтерек аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Диқандарға проблема жоқ ешқандай. Қазір аудан бойынша 1300 техника болса, егін орағына 420 комбайн түсіп отыр. Қазір арзандатылған дизельді отын Үкімет тарапынан шешілді. Диқандардың айтуынша, жазғы дақылдар да жаман емес болады деп үміттеніп отырмыз.

Орал өңірінде биыл дәнді дақылдардың жалпы аумағы 230 мың гектарды құрайды. Күні бүгін соның 5 мың гектары орылып, 10 мың тоннадай өнім жиналған. Орташа өнімділік әр гектарына 22 центнерден келуде. Егін орағына өңірде 5 мыңға жуық техника, 939 комбайн жұмылдырылған.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы