419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үндістаннан Қазақстанға гуманитарлық жүк жеткізіледі

  • 282
  • UPD: 18:20, 15.07.2020

Бүгін елімізге Үндістаннан гуманитарлық жүк жеткізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәрі-дәрмек тиеген ұшақ түнде Алматыға қонуы тиіс. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі баспасөз мәслихатында айтты. Людмила Бюрабекова Қазақстанның Тәжікстанға өкпені жасанды желдету аппараттарын жіберетінін де растады.

Қазақстан Тәжікстанға өкпені жасанды желдету аппараттарын жібереді. Бүгінгі баспасөз мәслихатында бұл мәселе бірнеше рет көтерілді. Денсаулық сақтау вице-министрінің айтуынша, әңгіме тек портативті өкпені жасанды желдету аппараттары жөнінде. Олар науқасты жедел жәрдем көлігімен тасымалдау үшін қажет. Бұл аппараттар Ақмола облысында құрастырылады.

Людмила Бюрабекова, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі:

– Қазіргі таңда аталған өндіруші өндіріс қуаттылығын арттырды. Портативті өкпені жасанды желдету аппаратынан бөлек, олар бізге аса қажет стационарлы аппараттарды да өндіруді жоспарлап отыр. Түрік компаниясымен бірлесе отырып, бұл өндіріс көп ұзамай жолға қойылады. Жыл соңына дейін елімізге қажетті мөлшерде өкпені жасанды желдету аппараттары өндіріледі. Қазіргі уақытта барлық ел бір-біріне көмектесіп жатыр. Елімізге де басқа мемлекеттер гуманитарлық көмек беруде.

Ал Қазақстанға жеткен гуманитарлық көмек жөнінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев айтып берді. Осы уақытқа дейін елімізге әлемнің 15-тен астам елі гуманитарлық жүк жіберіпті. Дәрі-дәрмек пен медициналық қорғаныс құралдарын жөнелткендердің арасында АҚШ, Қытай, Жапония, Түркия, Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері, Оңтүстік Корея, Өзбекстан бар. Бұл мемлекеттерден 5 миллионнан астам медициналық маска, 98 өкпені жасанды желдету аппараты, 260 мың тест жүйесі және 3 мыңға жуық термометр жеткізілген.

Ержан Ашықбаев, ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары:

– Індет жаһандық болғаннан кейін біз жұмысымызды, яғни дәрі-дәрмек сатып алу немесе шетелден қажетті медициналық құрылғыларды, заттарды әкелу мәселесін дүние жүзіндегі үлкен бәсекелестік жағдайында іске асырып жатырмыз. Сондықтан мұны ескерген жөн. Екіншіден, гуманитарлық көмек қаншалықты ауқымды болса да, ең алдымен ең үлкен жүк Үкіметімізге, республикалық бюджетке түсіп отыр.

Қазақстандықтарға қажетті препараттар шетелден шілденің соңына дейін тасымалданады. Аптасына бірнеше рейс ұйымдастырылады. Осыған дейін елге 3 миллион қаптама дәрі-дәрмек жеткізілген. Қазір денсаулық сақтау министрлігі қажетті препараттардың 3 айлық қорын жасақтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Хабар 24 телеарнасы