426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бүгінгінің батырлары...

  • 253
  • UPD: 21:06, 15.07.2020

Елімізге қиын кезең туғанда алдыңғы шепте қызмет еткен дәрігерлер екені рас, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әрбір науқас үшін ашық майданға түскен ақ халаттылардың қай-қайсысы да марапатқа лайық. Дегенмен 42 дәрігерді осынау алапат шақта арамыздан жоғалтып алдық. Өзгенің өмірі үшін өзінің жанын берген бүгінгінің батырлары жайында естелік сюжетті көрейік.

Ақ халаттағы абзал жан енді операция жасамайды, адам өміріне араша түсе алмайды. Иә... Өкінішті. Білікті дәрігер, мықты маманды қапыда жоғалтып алдық. Олжабай Қожағалиев онкологиялық аурухананың операция жасау бөлімінің меңгерушісі еді. Әріптестері абзал жанның жақсылығын еске алып, оның бұл фәниде жоқ екеніне әлі де сене алмай жүргендерін айтады.

Кәрімжан Құсайынов, 9414 көпсалалы медициналық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары:

– Менің әріптесім Олжабай Қожағалиевпен таныстығымыз студенттік өмірден бастау алды. Институтта бірге оқығанбыз, өте көңілді, сыйлы жігіт еді. Бірақ өмір жолы қысқа болды. Шебер қолымен қаншама науқастарға көмек беріп жүрді.

Қазіргідей қауіпті кезеңде жақынын жоғалтып жатқандар көп. Күнде әр науқастың өмірі үшін күресіп жүрген дәрігерлер де, өкінішке қарай бұл індетке шалдығып, қайтыс болғандардың статистикасын толықтырып жатыр.

Солардың бірі – Олег Исаев. Ол Көкшетау қаласындағы аурухананың жансақтау бөлімінде 20 жылдан аса қызмет еткен. Әріптестері дәрігерді әлі де көп жұмыс атқарар еді деп қимастықпен еске алады.

Ақмарал Ысқақова, Көкшетау қалалық аурухананың бас медбикесі:

– Оның қол астында білікті дәрігерлер, медбикелер жұмыс істеді. Бүгінгі күнде ол кісінің еңбегі жақсы бағаланып, халық батыры, халық қаһарманы деген атаққа ие болды. Пандемияда адам өміріне араша түсем деп, өз өмірі қиылды.

Қай қазақтың болса да, аты-жөнін өткен шақта айту жанға ауыр тиеді. Өзгенің өмірін құтқарам деп жүргенде, өз өмірлері қиылған бүгінгі күннің батырлары – дәрігерлер. Осынау қиын-қыстау кезеңде алдыңғы шепте қызмет қылып жүрген жандарға қанша алғыс айтсақ та көптік етпейді. Соған дәлел ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев адал азаматтарды марапаттады. Қазақстанның тарихына аттарын мәңгілікке жазып қойды.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы