418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында жағалауға салынатын жүк айлағы экологтарды алаңдатып отыр

  • 130
  • UPD: 23:19, 15.07.2020

Павлодар облысында Ертіс өзенінің бойына қиыршықтас үйіп, жүк айлағын салмақ болған кәсіпорын төңірегіндегі шу тыйылар емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін өткізілген қоғамдық тыңдау нәтиже бермей, шара екінші рет ұйымдастырылды. Себебі жоба авторлары Экологиялық кодекстің талаптарын орындамаған. Компания табиғат қорғау прокуратурасының ескертулерін де елемеген болып шықты.

Павлодар қаласының тұрғыны Роман Кулагин қиыршықтас үйінділерін көріп аң-таң. Әуесқой балықшы жекеменшік компанияның бұл әрекетін табиғатқа келтірілген қастандық деп біледі.

Роман Кулагин, қала тұрғыны:

– Бұл – қорғалатын аумақ. Осы жерде бала кезімнен балық аулаймын. Қиыршықтас үйіле берсе, бірегей табиғатқа зиян келеді ғой. Мұны көріп, жанып ашып кетті.

Бұған дейін қиыршықтас төгілген аумаққа арнайы комиссия барып, мәселені зерттеген. Жағдайға көз жеткен соң прокуратураға хат жолданды. Нәтижесінде арнайы жұмыс тобы құрылды.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Айлық құрылысы төңірегіндегі бірнеше ай бойы тйылмай келеді. Бұл аймақ Ертіс өзенінің сол жағалауында орналасқан. 2,4 гектарды алып жатқан жерге жекеменшік компания қиыршықтас күйіндегі инертті материалдарды үйіп тастаған. Бұған дейін жергілікті табиғат қорғау прокуратурасы бұл кәсіпорынға бірқатар ескерту жасаған. Бірақ олардың ешбірі орындалған жоқ.

Эколог-мамандардың айтуынша, үйінді бірегей топырақ қабатын бұзылған. Өсімдік әлеміне де зиян келтірілген. Құрылыс материалдары тасымалданғалы бұл аймақта арамшөптер көбейіп кеткен.

Күрделі мәселе бойынша қоғамдық тыңдаулар екі рет өтті. Кәсіпорын өкілдері айлақ құрып, қиыршықтасты тиеу жұмысын қолға алатындарын айтты. Жоба уақытша жүзеге асырылады. Орталық органның талабы бойынша инертті материал мобильді конвейердің көмегімен тиеледі.

Дмитрий Поднебесов, кәсіпорын басшысы:

– Басты мақсатымыз – халықтың әл-ауқатын жақсарту. Жоба жұмыс орындарын ашуға арналған. Қосымша салық түседі дегендей. Біз Ресейден теплоход сияқты су көліктерін сатып алдық. Су жолдарын дамытқымыз келеді.

Экологтардың айтуынша, экономикалық тимділігінен бөлек экологиялық зиянын ұмытпау керек.

Светлана Могилюк, тәуелсіз эколог:

- Коммерциялық қызығушылықтар қоршаған ортаға зиян келтірмеуі керек. Экологиялық жүйе деген ұғым бар. Оның арқасында таза ауаға қол жеткіземіз. Егер жүйе бұзылса, табиғатымыз бұзылады. Өзімізге зиян келеді. Біз жобаның жүзеге асырылуына қарсымыз.

Экология департаментінің мамандары да осындай пікірде.

Дархан Исжанов, облыстық экология департаменті басшысының орынбасары:

- Жекеменшік кәсіпорын мемлекеттік сараптаманың оң нәтижесінсіз мердігер ұйыммен келісімшартқа отырған. Екінші фирма қиыршықтас тасу қызметін орындады. Кез келген құқықтық келісімшарт оң нәтижеден кейін ғана жүзеге асырылуы тиіс. Бұл – экологиялық кодекске қарсы әрекет.

Қазіргі уақытта жекеменшік ұйымға қатысты әкімшілік өндіріс қозғалды. Іс материалдары сотқа жолданды. Шешім қабылданған соң, тиісті шара қолға алынбақ.

Хабар 24 телеарнасы