418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте коронавируспен күресте көз жұмған дәрігерлер марапатталды

  • 139
  • UPD: 23:23, 15.07.2020

Шымкентте коронавирус эпидемиясымен күресте кәсіби борышын атқару кезінде қаза тапқан тоғыз дәрігер «Құрмет», «Парасат», «Барыс» орденімен марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттік награданы қала әкімі Мұрат Әйтенов марқұмдардың отбасына арнайы барып табыстады. Бұдан бөлек, әр отбасыға материалдық көмек ретінде «Қайырымды қала» қорынан  қаржы берілді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілде күні медицина саласында қызметтік борышын атқару барысында марқұм болған бірқатар қызметкерін марапаттау туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтқан қала басшысы қызметтік борышын үлгілі атқарып, азаматтардың денсаулығын сақтаудағы табандылық танытқандардың еңбектерін ерекше атап өтті.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

– Қаланың «Қайырымды қала» деген қорынан миллион теңгеден беріп жатырмыз. Бұл бата көмек ретінде. Оны енді үлкен көмек деп айта алмаймыз. Қолдан келгенді жасап жатырмыз. Ал мемлекет тарапынан қайтыс болғандарға (дәрігерлерге) заңды ретінде әрі қарай ол да беріледі.   

Марапат иелері қатарында ауруханалар мен медициналық орталықтардың дәрігерлері, бөлім меңгерушілері, инфекционистер, сонымен қатар медициналық жедел жәрдем станциясының дәрігерлері де бар. Солардың бірі – 58 жасына қараған шағында мезгілсіз өмірден өткен Ақзипа Тәжденова.

Пернехан Мәмеев, А.Тәжденованың күйеуі:

– Жұмыс деп қиналып жүрді. Сағат түнгі 12-ге дейін телефоны үзілмейтін. Мен демал дегенде, менің жұмысыма араласпа, халықты емдеуім керек дейтін.

Антына адал бұл ақ халаттылар қапы да көз жұмды. Олардың барлығы бейбіт күннің батырлары болатын. Әрқайсысының еңбегі ұшан-теңіз. Әлі де медицинаға бергенінен берері көп еді. Адам жанының арашасы болған дәрігерлер мәңгі жадымызда.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы