418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысындағы дәріханаларға емдік препараттар енді еш қиындықсыз жеткізіледі

  • 132
  • UPD: 23:17, 15.07.2020

Бұл туралы бүгін аймақтың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кешелі бері өңірге қанды сұйылтатын, бактерияға қарсы және өзге де 22 түрлі дәрі жеткізіле бастады.

Ақмола облысында 352 дәріхана жұмыс істейді. Соның 100 шақтысы Көкшетау қаласында орналасқан. Осы фармацевтикалық нысандарға емдік препараттарды төрт серіктестік тасымалдайды екен.

Жұлдыз Үсен, фармацевт:

– Тұрғындарға дәріні артығымен сатып алудың қажеті жоқ екенін айтамыз. Дәрігердің айтқанын ғана алу керек. Қазір дәрігерлер онлайн қабылдау өткізіп, сырқаттанғандарға белгілі бір дәрілерді тағайындайды. Соған сәйкес біз рецептісіз ұсынылатын дәрілерді береміз. Ал арнайы рецептімен берілетіндерін дәрігердің жазбаша тағайындауы қажет. Сондықтан медицина мамандарына рецепті арнайы қағазға жазып беруін сұраймыз.

Облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусинаның айтуынша, бір апта бұрын аймақта дәрі тапшылығы болыпты. Оны ретке келтіру үшін емдік препараттарды тасымалдаушылар мен дәріханаларға мониторингтік бақылау жүргізілген. Аталған мәселе аймақ басшылығының да назарына алынып, облыс әкімі дәріхана иелерімен кездесу өткізді. Бірлесе атқарылған осындай жұмыс оң нәтиже беріп жағдай тұрақталды дейді саладағылар.

Айнагүл Мусина, облыстың бас санитарлық дәрігері:

– Парацетамол, аспирин жетпей қалатын кездер болады. Бірақ дәріханаларда дене қызуын басатын басқа да дәрілер бар. Қазір біз сырқаттанғандарға аталған дәрілердің аналогын ұсынуы туралы емдеу мекемелерімен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар «Дәрі кз» қосымшасын да насихаттауды қолға алдық.

Осы қосымша арқылы дәрі сатып алушы тиісті мекемеге өз арыз шағымын және видеожазбасын жібере алады. Емдік препараттардың бағасын да білу мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар облыста сенім телефоны іске қосылған. Ал аудан қалаларда құрылған мониторингтік топ дәрі саудасына қатысты заңсыздыққа жол берілмеуі үшін тұрақты түрде бақылау жұмыстарын жүргізіп келеді.   

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Евгений Шинкоренко

Хабар 24 телеарнасы