418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Армения-Әзербайжан шекарасындағы шиеленіс неден басталды?

  • 129
  • UPD: 23:53, 15.07.2020

Бакуде карантиндік шектеу шараларына қарамастан, мыңдаған адам заңсыз митингке шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Артынша ондағаны Әзербайжан парламентінің ғимаратына басып кірген. Алайда кейіннен оларды полицейлер қамауға алды. Наразылық акциясына армян-азербайжан шекарасындағы шиеленіс себеп. Ереуіл ел әскерін қолдау мақсатында ұйымдастырылып, жиылған жұрт қарулы күштердің мобилизациясын жариялауды талап еткен.

Әзербайжан мен Армения шекарасындағы жанжал өткен аптаның соңында басталып, осымен бірнеше күн бойы басылмай тұр. Тараптар шиеленіс себебіне қатысты түрлі пікірлер айтуда. Ресми Бакудың мәлімдеуінше, армян жауынгерлері Товуз ауданындағы Агдам ауылынының маңында Әзербайжан әскерінің позициясына артиллериялық оқ атқан. Сөйтіп оқ атпау тәртібін бұзған. Жергілікті қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, жексенбіден бері жалғасып жатқан атыс салдарынан 11 әскери қызметкер қаза тапқан. Марқұмдар арасында генерал да бар.    

Вагиф Дергяхли, Әзербайжан қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы:

– Артиллериялық оқ атудан кейін біздің қолбасшылық армян тарабына жауап қайтару шешімін қабылдады. Арменияның қарулы күштері шабуылын жалғастырмақ болды. Алайда біз оған жол бермедік.

Ал ресми Ереван жанжалды былай түсіндірді. 12 шілдеде армян позициясына Әзербайжан жақтан УАЗ автокөлігі келген екен. Әскерилер ескерту ретінде оқ атқан соң, экипаж көлікті тастап, өз аумағына қашып кеткен. Осыдан кейін Армения жағына қарай артиллериялық оқ атылған. Сөйтіп әскерилер жауап қайтарғандарын айтады. Ереван тарабы 4 адамның көз жұмып, 10-ы жаралғанын хабарлайды. Арадағы шекараға жақын өңір тұрғындары 15 шілдеге қараған түн тыныш өткенін және жұрт арасында дүрбелең байқалмайтынын айтады.

Ангин Зограбян, шекара жанындағы Паракавар ауылының тұрғыны:

– Жалпы тұрғындардың көңіл-күйі жаман емес. Дүрбелең жоқ. Өйткені біздің әскер жағдайды бақылауда ұстап отыр. Үй-жайымызды тастап, басқа жерге кететін ой жоқ.

Арцрун Ованнисян, Арменияның кризистік ақпараттық орталығының үйлестірушісі:

– Кешегі күннің кешкі 18.00-нен бастап шиеленістің басылуы байқалады. Атыс азайды. Түнгі 12-ден кейін тіптен оқ атылмады.

Осылайша, тараптар бірін-бірі арандатушылық әрекет жасады және оқ атпау тәртібін бұзды деп айыптап отыр. Ал халықаралық қауымдастық, соның ішінде Қазақстан, Ресей, АҚШ сыртқы істер министрлігі, Еуроодақ, БҰҰ, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының өкілдері екі жақты сабырлық танытып, шекарадағы шиеленісті тоқтатуға шақырды. 

Авторлары: Айдана Карибжанова, Шафаг Алиева

Хабар 24 телеарнасы