423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда жөнделіп жатқан жол сапасы жіті бақылауға алынды

  • 230
  • UPD: 12:50, 16.07.2020

Орал қаласында биыл жолдарды жөндеуге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 11 миллиард теңге бөлінген болатын, хабарлайды «Хабар 24».

Күні бүгін күре жолдар мен қала көшелерінде құрылыс қарқын алды. Қыруар қаражатты игеру кезінде жұмыс сапасын ақсатпау мақсатында арнайы мониторингтік топ құрылды. Тиісті мекеме өкілдері мен қоғам белсенділері әр күн сайын нысандарда болып, құрылыс барысын тұрақты бақылауда.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші: 

- «Ескі әуежай» ауданындағы Алаш көшесінде асфальт бұрын-соңды болмапты. Көктем-күзде тұрғындар үйлеріне батпақты илей жүріп жететін. Енді ол қиындықтар артта қалмақ.

Гүлбаршын Құрманғалиева, қала тұрғыны:

- Біз биыл көшеміздің жөнделіп жатқанына ризамыз. 15-20 жыл күтсек те, әйтеуір нәтиже бар. Қуаныштымыз. Құрылыс жұмыстары қазір қарқынды жүріп жатыр.

Сұңғат Ақашаев, мердігер компания өкілі:

- Енді жолды ТКШ тапсырыс беруші болса, технадзор бар. Ол шыны керек, күнделікті бір өкіл осында жүреді. Тәуелсіз зертхана келіп тағы қарайды. Бүгінгі күні олар келіп, жолдың қалыңдығын бәрін тексеріп, бізге акт беріп кетті. Солардың акті бойынша асфальт салуға рұқсат деп есептеледі.

Бұл көшедегі құрылыс сапасына тексеру тобының айтарлықтай ескертуі жоқ. Бірақ жағдай барлық жерде бірдей емес. Мәселен, Матросов, Иманов, Коняхин және Ярославская көшелерінде өткен айда құрылыс тоқтатылды. Анықталған кемшіліктер осы мерзімде жойылыпты. Жалпы алғанда 2 мың шаршы метр аумақта жолдың негізі қайта салыныпты.

Бауыржан Айтмағамбетов, Автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Тротуар деп айтамыз. Соны жасаған кезде шебеннің сәйкес келмеуі, астындағы жердің толығымен тапталмауы. «Поребриктер» қойылғанда бетон сәйкес келмеуі болады. Арнайы опалубкамен құйылуы керек. Сондай ақаулар болып тұрады. Соның бәрін жою үшін күнделікті мониторинг топ шығып, орындалуын қадағалап тұрады.

Бұл ретте Ұлттық сапа орталығына жүктелген міндет салмақты. Бұрын қаладағы сапа мәселесіне техникалық бақылаушылар ғана жауап беретін. Тендерді төмен бағаға ұтып алған олардың көбі кемшіліктерге көз жұма қарайтын. Құрылыс басына анда-санда келетіндері де аз емес-тұғын. Енді арнайы зертхана мамандары заманауи құрылғылармен жол сапасын ұдайы тексереді. Орталық тарапынан асфальт-бетон қоспасының жалпыға ортақ «рецепті» де әзірленіпті.

Санжар Қабышев, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» рмк бқоф директоры:

- Мына рецептураға келетін болсақ, ең біріншісі – ішінде қолданылатын жол-құрылыс материалардарының сапасына көңіл бөлу. Екіншісі – пайыздығы қанша мөлшерде салынады соған көңіл бөлу. Бұрын-соңды ондай тексерістер көп жүргізілмеген болатын. Осы биылдан бастап соны тексеріп, біздер сапасын қарап, осындай жұмыстар атқаратын боламыз.

Орал қаласында бүгінде 41 көшеде 31 жоба жүзеге асып жатыр. Орталық мамандары осы нысандардағы жол-құрылыс материалдарынан 230 сынама алса, соның 9-ы стандарттарға сай келмеген, 58 кемшілік анықталған.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы