423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда маңындағы саяжайларға ауыз су берілді

  • 265
  • UPD: 22:57, 16.07.2020

Қызылорда қаласы маңындағы саяжайларға ауыз су берілді. «Өңірлерді дамыту 2020» бағдарламасы аясында бөлінген 1 миллиард 300 миллион теңгеге су жинау қоймасының құрылысы жүргізіліп, тұрғын үйлерге құбырлар тартылды. Cу жүйесіне толық қосылған елді мекеннің бірі – Ақсуат ауылдық округіне қарасты Наурыз саяжайы. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша ауыл көшелеріне асфальт төселіп, әлеуметтік нысандар жөнделіп жатыр.  

Қала іргесіндегі саяжайға қоныстанған 8 жылдан бері Мақпал Шахкөзова суды жырақтан тасып ішіп келді. Тіршілік нәрінің үйдің ішіне тартылуымен қарт кісілерге қарап отырған Мақпалдың күнделікті тұрмысы жеңілдеп сала берді.

Мақпал Шахкөзова, Наурыз саяжайының тұрғыны:

- Осы көптен күткен ауыз су үйіміздің ішінен ағып тұрғанына өте қуаныштымыз. Су өте тамаша, салқын әрі таза. Жуынғанда, ұстағанда да өте қолайлы.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облыс орталығына бөлінген бір жарым миллиард теңгенің 500 миллионға жуығы осы Ақсуат ауылына бағытталып отыр. Елді мекендегі сонау 1982 жылы салынып, содан бері жөндеу көрмеген мектеп жаңғыртылып жатыр. Жұмыс таппай жүрген ауылдың 40 тұрғыны қазір құрылыс басында тер төгіп жүр. Ақсуатқа жөні түзу жол сол кеңес дәуірінде салынған. Ол сүрлеулердің қазір жұрнағы да жоқ. Ол мәселені біздің арнадан бірер жыл бұрын айтқанбыз. Сабақты ине сәтімен деп, ағымдағы жылы ауылдың 7 көшесіне жаңадан асфальт төселіп, 9 көшеге орташа жөндеу жүргізіліп жатыр.

Бейсенбай Бодықов, Ақсуат ауылының тұрғыны:

- Жол азабын көрдік талай. Белуардан батпақ жаңбыр жауса жүре алмайтын тұғынбыз. Жылда айтамыз әй мына батпаққа батып болдық қой біз деп. Жұрт мына жақта 1-2 жыл болған жоқ келіп қоныстанғанына, содан ауыда жол жоқ, батпақ дейді. Біз елу жылдан бері үндемегенде енді ремонт жүргізіп жатыр. Соған мың да бір рахмет дейміз көшенің тұрғындарының атынан. 

Нұрлыбек Нәлібаев, қала әкімі:

- Бұл жұмыстарды 20 тамызға дейін аяқтайтын болады. Комиссия құрылған... «Нұр Отан» партиясы бастаған. Құрамында қалалық, облыстық мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, блогерлер, қоғамдық кеңес мүшелері бар осы жұмыстың бәрін өздері бақылап жүр. Өкінішке орай кейде біз біткеннен кейін тексеріп жатамыз. Оның нәтижесі аз болады. Басынан бастап біз осы жұмыстарды бақыласақ жұмыс сапалы жүреді. Кемшіліктер болса оны дер кезінде анықтап, жоюға жұмыс жасап жатырмыз.   

Бұған дейін амбулатория, мәдениет үйі жаңадан бой көтеріп, суы ағып, жолы салынғанына қуанышты ақсуаттықтар енді көгілдір отынның келуін күтіп отыр. 

Мәмбетәли Ақмырзаев, Ақсуат ауылдық округінің әкімі:

- Газдандыру жұмыстарына облыстық бюджеттен 108 млн теңге қаржы бөлінген. Сол қаржыға жоба-сметалық құжаттамалары дайындалып, қазіргі таңда мемлекеттік сараптамадан өтіп, республикалық бюджетке ұсынылды. 2020-21 жылға жоспарлап отырмыз республикалық бюджеттен газдандыруды. 

Ауыл көркейсе, мемлекет қуатты. Сондықтан жергілікті билік қала маңындағы елді мекен, саяжайлардың түгелдей инфрақұрылымын жақсартуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Хабар 24 телеарнасы