430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралдық тұрғын шаңырағында ерекше сырға салу рәсімі өтті

  • 924
  • UPD: 23:19, 17.07.2020

Пандемия талай жанның жоспарына өзгеріс енгізді.

Алайда шынайы махаббатқа кедергі бар ма? Оралдық тұрғын шаңырағында ерекше сырға салу рәсімі өтті, хабарлайды «Хабар 24».

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Алпыстың асқарына шыққан Жарылғап Дүйсенов қос ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Үлкені Темірлан Қапшағайда әскери дәрігер болса, кішісі Жұмабек Алматыда, ақпараттық технология маманы. Екеуі де үйлі-баранды. Кенжесі Қорлан да өткен жылы теңін тапқанын айтқан. Құдалар бас қалада кездесіп, 2020 жылы той жасамаққа уағдаласқан. Алайда үйдегі ойды түздегі нарық бұзатыны рас екен.

Жарылғап Дүйсенов, қала тұрғыны:

- 16 шілде күні сырға салу рәсімі болатын еді. 17-сі қыз ұзату тойы болу керек еді. Енді оның бәрін тоқтатуға тура келді. Жалпы елімізде, дүниежүзінде болып жатқан жағдайларға байланысты. Біз бірінші маусымның 13-і деп белгілегенбіз. Сосын оны 17 шілдеге жылжыттық. Сосын тағы доғаруға тура келді.

Әрине, әлдекімдер құсап, аулаға киіз үй тігіп, немесе тығылып той жасауға болар еді. Бірақ Дүйсеновтер отбасы ондайға бармады. Індет өршіп тұрған кезде болашақ құдалары мен тума-туыстың денсаулығын қатерге тіккісі келмепті. Сондықтан сырға салу, құда түсу рәсімін онлайн өткізуді ұйғарыпты. Ағайынға Zoom бағдарламасы арқылы шақырту берілген. Көкшетаулық құдалар сырға мен сый-қадені курьер арқылы жіберіпті.

Нұргүл Қазимова, Қорланның анасы:

- Нұр-Сұлтан, Алматы, Көкшетау, ауылдан тума-туысқандар қосылды, таныстық. Асаба бәрін модератор болып өткізді. Біздер өте ризамыз. Бастысы, балалар барып қосылып, оқуын жалғастырсын. Ал бергі жағында құдалармен араласып тұрамыз деп келістік. Қонақтарды шақыруға қорықтық мынадай індет болғасын. Мақсат сол ғой, ауырмасын деп. Тіпті көршілер де болған жоқ.

26 жастағы Қорлан «Назарбаев университетінің» химия факультетін бітірген. Кейін Америкаға оқуға түскен. Алайда, пандемияға байланысты магистрлік дәрежемен шектелуге тура келіпті. Енді Оңтүстік Кореяға докторантураға тапсырыпты. Болашақ жары да осы елде оқып жатыр екен. Мәди Арсақаймен ол университет қабырғасында танысыпты.

Қорлан Дүйсенова, қалыңдық:

- Әрине, осындай жағдайға түсінушілікпен қарадық. Сондықтан тойды өткізбеуді шештік. Бірақ мен тойды өткізбегенге ешқандай ренжіген жоқпын. Себебі үйлену тойы болмаса да Мәдимен, әрине, неке қиямыз. Мен Оңтүстік Кореяға барғасын 14 күн карантинде жатамын. Осы елшіліке барып, өтініш жазу керек. 30 күннен кейін барып некемізді қиямыз Қазақстанның елшілігінде.

14 шілдеден бері батысқазақстандық үш тұрғын карантин режимін бұзып, той жасағаны үшін жауапқа тартылыпты. Оның біреуі Жәнібек, екеуі Теректі ауданында тіркелген. Міне, осындай қиын кезеңде қалыптасқан жағдайды ескере отырып, өз қуаныштарын онлайн өткізген Дүйсеновтер отбасының әрекеті өзгеге өнеге болса ләзім.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы