429,54 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысының әкімдері аптасына екі рет халық сауалына жауап береді

  • 330
  • UPD: 23:21, 17.07.2020

Қарағанды облысының тұрғындары соңғы кезде арыз-шағымын немесе сауалын арқалап әкімдікке барып сабылғанды қойған, хабарлайды «Хабар 24».

Мұның себебі – сенімнің кеткені емес, керісінше, шараның жеңілдегені. Ашып айтсақ, облыстың барлық аудан қалаларының әкімдері енді аптасына екі мәрте әлеуметтік желі арқылы халық сауалына жауап беріп отырады. Бұдан бөлек, Telegram-бот арқылы арыздар қабылданады. Олардың орындалуы заңдық норма шеңберінде болмақ.

«Әкім бол – халқыңа жақын бол». Бұл тәмсілді қазір Қарағанды облысының әкімін айтпағанда, аудан, қала тіпті ауылды жерлердің әкімдері мықтап түйсігіне сіңіре бастаған тәрізді. Бұдан былай аптасына екі рет әкімдер осылай әлеуметтік желіге шығып, халықты толғандырған мәселеге жауап беретін болады. Бұл тіпті қазіргі пандемия жағдайында, әсіресе, қолайлы. Мысалы аудан тұрғындарын дәріханадағы дәрі мәселесі алаңдататыны байқалады.

Шагурашид Мамалинов, Бұқар жырау ауданының әкімі:

- Қазір барлық дәріханаларда дәрі бар. Мен бүгін ғана көріп шықтым. Ал, ауданның алыс шалғайдағы дәріханасы жоқ елді мекендеріне әкімдердің ұйымдастыруымен дәрі жеткізіліп тұрады. Бірнеше күн мәселе туындағаны рас, бірақ қазір ол түгел шешімін тапты.

Мейрам Қайназаров екі қолға бір күрек таба алмай жүргеніне біраз уақыт болған. Бір реті келгенде әкімнің тікелей эфиріне кіріп сауал қойыпты. Артынша барлық ақпаратты жазып алған мамандар хабарласып, оның өтініші  бойынша бос жұмыс орны бар екенін айтады. Бүгін міне, Жұмыспен қамту орталығына келіп сол орынға жолдама алды.

Мейрам Қайназаров, Бұқар жырау ауданының тұрғыны:

- Әкім айтқан соң бірден Жұмыспен қамту орталығына бардым. Олар маған орталық ауруханадан жұмыс тауып берді. Нақты мамандығым жоқ болғандықтан жұмыс табу қиын болып жүрген еді. Енді сол ауруханада қара жұмысшы болып, әртүрлі қызметтерді атқарамын.

Атап өткендей, енді әр аудан мен қала, ауыл әкімдерінің тікелей эфирлері аптасына екі мәрте, әр әкімдіктің ресми акаунты арқылы жүріп отырады. Бұдан бөлек, сауалды Telegram-бот арқылы да қалдыруға болады. Ал, тұрғындардың барлық сауалын мамандар жіті қарап, заң шеңберінде жауап бермек.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы