423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да аптап ыстыққа шыдамаған халық рұқсат етілмеген жерлерде шомылып жүр

  • 276
  • UPD: 18:45, 18.07.2020

Батыс Қазақстан облысында да шектеу шараларына байланысты жағажайлардың жұмысы осы айдың басынан бері уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда шіліңгір шілденің аптап ыстығында жанға сая іздегендер рұқсат етілмеген жерлерде шомылып жүр. Салдарынан қайғылы жағдаймен аяқталған оқыс оқиғалар көбейген.

Орал өңірінде 9 жағажай болса, олардың бәрі де облыстың бас санитарлық дәрігерінің бұйрығымен 5 шілдеден бастап жабылды.

Бірақ табиғат аясында демалғандардың қарасына қарап, суға түсуге тыйым салынғанына сену қиын. Аптап ыстықта салқындап сергімек болғандар рұқсат етілмеген жерлерде шомылып жүр. Жайықтың жағасы да, Шалқар көлінің маңы да қарақұрым халық.

Есеней Шыниязов, Орал қаласының тұрғыны:

– Жазда қыдыра алмайтын болдық қой. Суға түсейін десек, демалуға болмайды дейді. Артымыздан келіп тұр. Мүлде түсінбейміз. Сонда қашан демаламыз?

Карантин жарияланған 5 шілдеден бері төтенше жағдай қызметкерлері арнайы рейдтер барысында 7 адамға айыппұл салған. Суды қолдану ережесін бұзғаны үшін. Жабдықталмаған орындарда балалардың ата-ана қарауынсыз шомылуы, ересектердің мас күйде суға түсуінің соңы көбіне қайғылы аяқталып жатады.

Айбар Қалиев, ТЖ департаментінің бөлім басшысы:

– Адам өлімі көбеюіне байланысты жергілікті полиция басқармасымен бірге рейдке шығып жүрміз. Биыл облыста 10 адам суға батып кетті. Соның 6-ы бала. Көбіне қайғылы оқиғалар рұқсат етілмеген орындарда болып жатады.

Өкінішке қарай, жағалаулардағы карантин режимін қадағалап жатқандар жоқтың қасы. Жалпы қазір суға түсуге бола ма, болмай ма деген сауалға да тиісті орындардан анық жауап ала алмадық. Төтенше жағдай мамандары судағы қауіпсіздік мәселесімен ғана айналысса, өзге құзырлы мекемелерді бұл мәселе әзірге толғандырар емес.

Мұқамғали Арысбаев, облыстың бас санитарлық дәрігері:

– Шалқар көліне жуырда мониторингтік топ барды. Су жағасына киіз үй тіккен 3 жеке тұлғаға қатысты материал толтырылды. Сенбі, жексенбі полиция шығады. 2 күн сонда болады. Орал қаласы бойынша да тұрғындар тарапынан шағым көп. Қалалық әкімдікпен бірге бұл мәселені бақылайтын боламыз.

Карантин режимін бұзғандарды жазалау үшін бұрын материал міндетті түрде сотқа жолданатын. Құқықтық-нормативтік базаға енгізілген өзгерістерге сәйкес енді санитарлық дәрігерлер өздері Әкімшілік кодекстің 425 бабы бойынша айыппұл сала алады. Осы өкілеттіліктер жағалаулардағы жағдайды реттеуге де септігін тигізері сөзсіз.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы