430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыдағы әскери госпитальде еңбек етіп жүрген медқызметкерлер үстемеақыларын ала алмай жүр

  • 490
  • UPD: 20:27, 18.07.2020

Алматыдағы әскери госпитальде еңбек етіп жүрген 24 медициналық қызметкер коронавирусқа шалдықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қызмет барысында ауырғандықтан, оларға бір реттік әлеуметтік төлем төленуі керек.

Одан бөлек, ай сайынғы жалақыларына үстемақы берілуі тиіс. Бірақ ешқайсысы осы көмек қаржыны алмаған.

2020 жылдың сәуір айы. Ауру өрши бастаған тұс. Өз өмірін қауіпке тіккен медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеу туралы шешім қабылданады. Ақ халаттылар бірі ерте, бірі кеш уәде етілген осы қаражатқа ие болды. Бірақ олардың қатарында әскери клиникалық госпиталь қызметкерлері жоқ. Бұйрықтағы тізімге аталған мекеме енбей қалыпты. Өзге әріптестерімен бірдей еңбек еткен олар үстемақыдан неліктен біздер қағылдық деп қапалы.

Олар осылайша бейнежазба жазып, өз реніштерін әлеуметтік желілер арқылы таратты. Жағдайды білмек ниетпен Қорғаныс министрлігіне хабарластық.

Тимур Ошақбаев, ҚК бас әскери-медициналық басқармасының бастығы:

– Бұл мәселе бойынша 17 шілде күні Қаржы министрлігінен жауап алдық. Хатта қорғаныс министрлігінің медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеуге негіз жоқ деп жазыпты. Себебі оларға әскерилермен теңдей етіп қаржы қарастырылған, оған қоса баспана үшін төлем жасалады, қосымша жеңілдіктерге де ие екені айтылған. Қорғаныс министрлігі бұл шешіммен келіспейді және алдағы уақыта меселені шешуді өз бақылауында ұстайды.

Айта кетейік, инфекциялық ауруханаларға сыймаған науқастар сол елді мекендегі әскери клиникалық госпитальдерде емделуде.

Мадияр Серікбаев, бас әскери клиникалық госпитальдің бөлім бастығы:

- Біздің бас әскери клиникалық госпиталь провизорлық стационар ретінде жұмыс істеуде. Сондай-ақ 40 станцияда орналасқан жатақхана қызмет көрсетуде. Алматы, Талдықорған қаласында әскери госпитальдар короновирусқа шалдыққан науқастарды емдеу үшін қолданылуда. Біз ешкімді бөліп жармаймыз. Келген науқастарды жедел жәрдеммен жатқызамыз.

Коронавирус әскери қызметкерлерді де айналып өткен жоқ. Неше жауынгердің ауырғандығы жария айтылмайды екен. Белгілісі, оларды және азаматтық тұрғындарды емдеуге Қорғаныс министрлігінің екі мыңға жуық медицина қызметкері тартылыпты. Ем жүргізу барысында Алматыдағы бір мекеменің өзінде 24 дәрігер ауру жұқтырған.

Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы

Хабар 24 телеарнасы